KAZ Minerals кеніштерінде жасанды интеллект енгізілуде

Қазақстандағы ірі мыс өндіруші Kaz Minerals компаниялар тобының өндірістік алаңдарында жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл жұмыстар 2025–2026 жылдарға арналған ірі кәсіпорындардың өндірістік процестеріне жасанды интеллектінің практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге асырылуда.

Алғашқы кезеңде цифрлық шешімдер компанияның «Ақтоғай» және «Бозшакөл»  ашық кеніштерінің негізгі өндірістік алаңдарында енгізілуде. Бұл нысандар кездейсоқ таңдалмаған. Аталмыш кеніштер KAZ Minerals компаниясының өндіріс көлемінің жоғары қарқынмен өсуін қамтамасыз етіп отыр. «Ақтоғайда» сульфидті кенді өңдеудің жылдық қуаты 50 млн тоннаға жетсе, «Бозшакөлде» бұл көрсеткіш 30 млн тоннаны құрайды.

Абай облысында орналасқан «Ақтоғай» кенішінде енді көлік ағындарын оңтайландыру үшін жасанды интеллект құралдары біріктірілген HxGN Systems (Hexagon) компаниясының жаңғыртылған диспетчерлеу жүйесі жұмыс істейді. Бұрын диспетчер бірнеше экранның алдында отырып, самосвал жүргізушілеріне рация арқылы бағыт беретін болса, жаңа жүйе бұл процесті автоматты түрде әрі әлдеқайда дәл орындайды. Жасанды интеллект техниканың әрбір бірлігін нақты уақыт режимінде бақылайды: самосвалдың қай жерде екенін, кузовындағы кен көлемін, қалған жанармай мөлшерін және қозғалыс жылдамдығын анықтайды. Диспетчерлеу жүйесі бос техниканы жүктеу алаңына алдын ала бағыттайды.

Тағы бір жоба - тау-кен жұмыстарын оңтайландыруға бағытталған Mine to Mill Harmony - Павлодар облысындағы «Бозшакөл» кенішінде жүзеге асырылуда. Жоба шикізатты өндіруден бастап оны ұсақтауға дейінгі бүкіл өндіріс тізбегін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект бұрғылау-жару жұмыстарының деректері мен кен құрамын талдай отырып, жабдықтарды ең тиімді жұмыс режиміне келтіреді.

Сондай-ақ кеніштерде жабдықтың жұмысын талдау үшін болжамды аналитиканы енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — жасанды интеллект модельдерін қолдана отырып, технологиялық жабдықтардың сенімділігін арттыру және басқарылуын жақсарту. Жүйе жабдықтың бұзылуын алдын ала болжайды. Қазір зауыттарда 20 ақылды модель жұмыс істеп тұр, олар деректерді талдап, техниканың істен шығуы мен ақауларына дейін ескертеді, бұл қосымшаның тоқтап қалуын алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өндірістік алаңдарда өнеркәсіптік деректер платформасын дамыту және Industrial AI шешімдерін енгізу бойынша пилоттық жоба басталады.

Осылайша, KAZ Minerals компаниясы өз кәсіпорындарының қызметіне жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізуде. Аталған және алдағы басқа да жобалар 2025 жылғы қыркүйекте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қол қойған өңдеу өнеркәсібіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасы аясында іске асырылуда.