Тұрмыстық техника өндірісі 2 есеге жуық өсім көрсетті

2026 жылғы қаңтар–шілде айларында электр тұрмыстық техника өндірісінің көлемі айтарлықтай өсім көрсетті. Статистикалық деректерге сәйкес, өндіріс көлемі құндық мәнде 183,8%-ға артып, 2 есеге жуық өскен. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Машина жасау саласын дамыту дирекциясы хабарлады.

«Өндіріс көлемінің өсуіне «Өзге де тұрмыстық электр жылыту аспаптары» тауарлар тобы - 531,4% (заттай мәнде), «Тұрмыстық электр кофеқайнатқыштар немесе электр шәйнектер» - 390,3%, «Желдеткіші бар, көлденең өлшемі 120 см-ден аспайтын ауа сорғыш құрылғылар» - 283,3% және басқа да өнім түрлері ықпал етті», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар елімізде автоматты кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналар сияқты тұрмыстық техниканың жаңа түрлерін өндіру жолға қойылды. Бұл отандық машина жасау саласының өндірістік әлеуетін кеңейтіп, ішкі нарықтағы сұранысты жергілікті өндіріс есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге «Silk Road Electronics» ЖШС (Саран қаласы), «Almaty Turmystyq Tehnika Zayyty» (Алматы облысы), «DS Multimedia» ЖШС (Алматы қаласы), «Jasyl Suyq Qazaqstan» ЖШС (Түркістан қаласы) сияқты қазақстандық кәсіпорындар елеулі үлес қосып отыр.