Қазақстанда көлік өндірісі алдағы 5 жылда үш есе ұлғаяды

Қазақстанда көлік өндірісі алдағы 5 жылда үш есе ұлғаяды

Елімізде машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының жобасы қабылданды.

Бүгін бұл құжат арнайы форумда ресми түрде таныстырылды. Қатысушылар бұл саладағы бар мәселелерді талқылап, жаңа жобаның жүзеге асу жайы жөнінде пікір алмасты. Сарапшылардың айтуынша, көзделген мақсаттар орындалса, 2024 жылы машина өндірісінің көлемі 3 есе ұлғаюы тиіс.

Индустрияландыру жылдарында елімізде 3500-ге жуық кәсіпорын ашылды. Жетістік зор, алайда шешімін таппаған мәселелер де әлі бар. Мамандардың айтуынша, салада кәсіби кадрлар жетіспейді. Өндірушілерге берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі де жоғары болып тұр. Сондай-ақ барлық кәсіпорындар заман талабына сай цифрлық технологияларды енгізбеген.

Марат Ыдырысов, «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

 - Көптеген кәсіпорындар цифрлық технологиялардың тиімділігін әлі де түсінбей келе жатыр. Нарықтық ортаның заңдарын білмеу бизнесмендерге кедергі жасайды. Сонымен қатар өндірушілер бұл салаға инвестиция тартудың қиын екендігін алға тартады. Несие алу да оңайға түспейді.

Аталған мәселелерді шешу үшін Машина жасаушылар одағы мен Инвестициялар және даму министрлігі саланы дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған жоспарын қабылдауды жөн көрді. Оған сәйкес өндірушілерге салықтық жеңілдіктер беру көзделген. Жаңа құжатта тек өндіріс қана емес, оған қажетті шикізат өңдеу мәселесі де қозғалған. Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, қазір елде кішігірім өңдеу кәсіпорындарын көптеп ашу керек. Олар тек машина жасау саласын металлмен қамтамасыз етеді.

Дәулет Диханбаев, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ директорының орынбасары:

 - Жоспар бойынша біз 2030 жылға дейін жоспарлап отырмыз. Арнайы 3 индикатор бар. Өндіріс көлемін ұлғайту, екіншіден, экспортты ұлғайту, үшіншіден, еңбек өнімділігін ұлғайту. Осы 3 индикатор бойынша жұмыс жасаймыз.

Кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсету мақсатында машина жасаушылар одағы технологиялық даму ұлттық агенттігімен ынтымақтастық орнатқан. Мекеме бизнес өкілдеріне жаңа шешімдер қабылдап, заман талабына сай техниканы қолданысқа енгізуге жәрдем береді.

Медет Дүйсембаев, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ орталығының директоры:

- Біз жаңа технологияларды іздестіреміз. Егер кәсіпорынның қаржысы жетпесе, агенттік өзі қаржылай қолдау көрсетуге дайын. Былтыр бізге түскен өтініштердің 27%-ы машина жасау саласына тиесілі. Біз 3 жобаны қаржыландырдық.

Аталған жоспарлар орындалса, отандық машина өндірушілері тек ішкі нарықты қамтып ғана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырары сөзсіз.

Видео