Қазақстандық индустрияны дамыту институты Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы болып қайта аталды
«Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ» «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ болып өзгертілді. Тиісті ҚР Үкімет қаулысы 19 сәуірде күшіне енді. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін компания елімізде тиімді өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыру мақсатында индустрияны дамыту, жергілікті қамту және технологиялық даму саласындағы үш ұлттық институттардың функцияларын біріктірген болатын.
«Компания қызметі өңдеуші өнеркәсіптің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және үйлестірілген индустриялық-инновациялық саясатты жүзеге асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта Қазақстандық индустрия және экспорт орталығында 2020 жылы басталатын индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа бесжылдықта индустрияландыруды тереңдетуге, өндіріс көлемін және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге баса назар аударылатын болады», - деп атап өтті «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әлішер Әбдіқадыров.
Жоспарларды іске асыру аясында өтеусіз гранттық қаржыландыру және кәсіпорындарға шығындардың жекелеген түрлерін өтеу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жұмыстары жалғастырылатын болады.
Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша аталмыш қолдау құралдарының арқасында өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары айтарлықтай қаржылық көмек ала алады. Бұл оларға өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорттық нарықтарға шығуды жеңілдетуге, өндірілетін өнімнің номенклатурасын кеңейтуге және өндірістік қуаттарды технологиялық жаңғыртуды жүргізуге мүмкіндік бермек.