«QazIndustry» өнеркәсіп секторы кәсіпорындарына арналған семинар өткізді
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Технологиялар трансфері Қазақстандық кәсіпорындардың технологиялық міндеттерін шешу құралы ретінде» тақырыбында семинар өтті. Ұйымдастырушылары «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі болды.
Семинар-тренинг жұмысына өнеркәсіп секторының 40-тан астам кәсіпорын өкілдері, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар, сондай-ақ инжинирингтік компаниялар қатысты.
Семинарда технологиялар трансфері үдерісін ұйымдастырудың заңды аспектілері қаралды. Бұл алдын ала келісімдерді рәсімдеу, жобаларды бағалау критерийлері, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері ұғымы, нарықты бағалау критерийлері және жобалардың экономикалық негізділігі.
Бұдан басқа, инжинирингтік компаниялардың озық технологияларды енгізу тәжірибесі мен заманауи әзірлемелері туралы, инновациялық гранттар түрінде қолдау алған технологиялар трансфері бойынша жобаларды іске асыру бойынша отандық компаниялардың тәжірибесі туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ, семинар өткізу шеңберінде «QazIndustry» өкілдері мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы барлық шаралары бойынша түсініктемелер берді.
Іс-шара барысында «Сибтехэнерго» ААҚ (РФ, Новосибирск қ.) мен «Согринская ТЭЦ» ЖШС (ҚР, Өскемен қ.) арасында пневмоимпульсті тазалау технологиясын беруге алдын ала келісім жасалды, сондай-ақ «QazIndustry» АҚ мен Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жасалған меморандум шеңберінде тараптар отандық кәсіпорындарды ынталандыру мен дамытуға қатысты талдамалық ақпаратпен алмасып, технологиялар трансфері саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады.