Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы бойынша 10 жыл ішінде 43 трлн теңгенің өнімі өндірілді

Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы бойынша 10 жыл ішінде 43 трлн теңгенің өнімі өндірілді

Нұр-Сұлтанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Асқар Мамин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, сондай-ақ, ҚР Парламенті депутаттарының және республиканың орталық мемлекеттік органдары мен кәсіпорындары басшыларының қатысуымен Индустрияландыру күні өтті. Шара барысында дәстүрге сәйкес индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары шығарылып, елдің үздік кәсіпорындары марапатталды.

Жиын аясында баяндама жасаған ИИДМ басшысы Бейбіт Атамқұлов бағдарламаны 2010 жылдан бері жүзеге асыру барысында қол жеткізілген негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтті. Индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру міндетін елдің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған болатын. 2019 жыл – индустрияландырудың екінші бесжылдығының соңғы жылы. Осы уақыт аралығында өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындар 43 трлн теңгенің өнімін өндірген. Саладағы еңбек өнімділігі адам басына шаққанда 35,3 мың АҚШ долларына жеткізілді.

«Бағдарлама іске асырылған жылдардың ішінде Қазақстанда еліміздің көптеген өңірлерінде өнімді жұмыспен қамтып, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз еткен жаңа индустриялық база пайда болды. 2019 жылдың қарашасында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бір ай ішінде алғаш рет 1 трлн теңгеден асқан болатын.  Осы уақыт аралығында саланың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 4,5 трлн. теңгені құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Alstom, General Electric, Danone, Heidelberg, BASF, Rio Tinto сияқты ірі трансұлттық компаниялар жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті министр.

2015 жылдан бері қазақстандық кәсіпорындар 70 млрд. АҚШ долларына өңделген өнімді экспорттады, сондай-ақ, инвестиция көлемі шамамен 5 трлн теңгені құрайтын Индустрияландыру картасының 500-ден аса жаңа индустриялық жобасы іске қосылды. Министрдің айтуына қарағанда, Индустрияландыру бағдарламасы өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының дамуына жаңа серпін берген. Осылайша, металлургия саласында өндіріс көлемі 2,2 есеге арттырылды. Кәсіпорындар базалық металлдарды, жартылай өнімдерді, жартылай фабрикаттарды алудан дайын өнімдерді өндіруге көшті. Осының нәтижесінде алюминий профильдер, автомобиль дискілері, ферросилиций сияқты экспортқа бағдарланған жаңа тауарлар шығарыла бастады.

«Рельсбелағаш шығаратын зауытты Ақтөбе қаласында іске қосу ТМД елдерінде ұзын өлшемді 120 метрлік теміржол рельстерінің жалғыз өндірісін жолға қоюға мүмкіндік берді. Қарағанды облысында қуаттылығы 11, 9 мың  тонна болатын шахталық жабдықтың өндірісімен айналысатын машина жасау зауытын жаңғырту жобасы Индустрия 4.0. бағдарламасын енгізудің жарқын үлгілерінің біріне айналды», – деп қосты Бейбіт Атамқұлов.

Сондай-ақ, ИИДМ басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында машина жасау саласындағы өнім көлемі 1,2 есеге ұлғайып,  саладағы автомобиль өнеркәсібінің үлесі 26% дейін арттырылды. Мұнымен қоса, шығарылатын автомобильдер қатары да кеңейтілген. Қазіргі таңда автомобильдердің 167 үлгісі жиыстырылады.  Индустрияландыру бағдарламасы іске асырылған жылдары Қазақстанда тұңғыш рет инфокоммуникациялық жабдық, модемдер, бұрандалы сорғылар, жарықтандыру құрылғылары мен электр қуатын таратқыш аппаратура, орталық ауа баптағыштар өндіріле бастады. Экспортқа бағдарланған тоңазытқыш вагондардың өндірісі ретке келтірілді.

 «Біз қуаттылығы 500 мегаваттқа жететін аса қуатты трансформаторлардың өндірісін Орталық Азияда алғашқы болып қолға алдық. «Қайнар – АБК» – Индустрияландыру бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша жүзеге асырудың жарқын үлгісі. Біздің аккумуляторлардың экспорты Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Беларусь, Қытай, БАӘ, Бенин сияқты әлемнің 9 еліне қойылып үлгерген»,  – деді министр.

Бейбіт Атамқұлов атап өткендей, қос бесжылдықтың қорытындыларына сәйкес жақсы нәтижелер химиялық өнеркәсіп саласында да жоқ емес. Осылайша саладағы өндіріс көлемі 1,7 есеге ұлғайып, 401,1 млрд теңгені құрады. Өндіріс көлемі фарминдустрия саласында 2 есеге, жеңіл өнеркәсіп саласында 1,6 есеге арттырылды.

«Индустрияландыру құзіреттілікті дамытуға, қосылған құны жоғары өнімді шығаруға мүмкіндік беріп, ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Біз барлық сыртқы экономикалық күйзелістерді жоспарлы түрде еңсеріп, ел дамуының жаңа траекториясын белгілей алдық. Индустрияландырудың екі кезеңі артта. Қателіктеріміз мен жинаған тәжірибемізді ескеріп, біз өзіміз таңдаған еңбек өнімділігін арттыруға, өнімдерімізді сыртқы нарықтарға шығаруға бағдарланған бағытымызды жалғастыратын боламыз», – деп қосты ол.

Сонымен қатар, Индустрияландыру күні аясында жылдағы дәстүрге сәйкес Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанттары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.