«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Марат Дәрібекұлы Бопазов сайланды. Тағайындалғанға дейін VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі болған. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-да Марат Бопазов өнеркәсіптік даму мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Марат Бопазов В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша, сондай-ақ І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жалпы жұмыс өтілі 35 жыл. Әр жылдары Семей геологиялық-барлау техникумында, Талдықорғандағы «Облводоканал» басқармасында, Ұлттық-мәдени ұйымдарды қолдау қорында жұмыс істеді. Сондай-ақ Талдықорған қалалық әкімшілігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, Талдықорған қаласының «Коммунальник» МКК бастығы қызметтерін атқарды.
1999 жылдың қарашасынан 2016 жылдың наурызына дейін Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды.
2016 жылғы 24 наурыздан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.