"QazIndustry" акционерлік қоғамы кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдаудың шаралары мен негізгі тетіктерін түсіндіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Осы бағытта тұрақты түрде ұлттық компаниялар мен мемлекеттік институттар, сондай-ақ "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы және "Даму" қорымен бірлесіп Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін көшпелі семинар-кеңестер өткізіліп тұрады.
Атап айтқанда, Жамбыл облысында ұйымдастырылған іс-шараға өңірдегі 40 кәсіпорынның өкілдері қатысып, шара барысында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары талқыланды.
"QazIndustry" АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев қатысушыларға өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну шарттары мен тәртібі туралы түсіндірді.
Сонымен қатар, QazIndustry өкілдері "Avera" ЖШС (матрастар өндірісі), "Кремль есіктері" ЖШС (ішкі есіктер өндірісі), "ТаразКожОбувь" ЖШС (аяқ киім өндірісі), "Полиэтилен Агро" АҚ (полиэтилен пленкасын өндіру), "Аханов" ЖШС (халва өнімдері) және "Кахфосфад" ЖШС (минералды тыңайтқыштар өндірісі) кәсіпорындарына барып, өндіріс технологияларымен танысты.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 27 қазанда Маңғыстау облысының өнеркәсіп кәсіпорындары үшін "Инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық омбудсмен шеңберінде инвесторларды қолдау тетіктері, Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметті қолдау және инвестицияларды тарту" тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Жиынға 40 кәсіпорынның өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында "QazIndustry" АҚ өкілі Айслу Жалмурзина қатысушыларды өнеркәсіпті ынталандыру шаралары туралы хабардар етті. Сондай-ақ, шығындарды өтеу үшін өтінімдерді толтыру кезінде жиі жіберілетін қателіктер туралы айтты.
Айта кету керек, "Qazindustry" акционерлік қоғамы индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыруды жалғастыруда.