2022 жылдың алғашқы 10 айында өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің 48 өтінімі бойынша шығындар өтелді. Жыл басынан бері «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру шеңберінде шығындарды өтеуге 366 өтінім келіп түсті.
Өтелген шығындардың жалпы сомасы 308,8 млн теңгені құрады. Мақұлданған өтінімдердің ең көп үлесі Астана және Алматы қалаларының өндірушілеріне тиесілі. Жалпы алғанда, Қазақстанның 9 облысы бойынша еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындар өтелді.
Қаражаттың көп бөлігі машина жасау және АӨК салаларына бағытталған. Сонымен қатар, шығындарды өтеу металлургия, ағаш өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика және химия өнеркәсібінде жүргізілді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында «QazIndustry» өкілдері 98 өнеркәсіптік кәсіпорынға барды. Еліміздің 12 өңірінде «Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары» тақырыбында семинарлар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, Astana Hub-пен бірлесіп 26 онлайн-вебинар өткізілді.
Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеуге арналған ережелер мен талаптар qazindustry.gov.kz сайтында орналастырылған.