2022 жылы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру шеңберінде өндірушілерден келіп түскен 72 өтінім бойынша шығындар өтелді. Өтелген қаражаттың жалпы сомасы 422,9 млн теңгені құрады
Салалық бөліністе өтінімдердің көпшілігі машина жасау және АӨК субъектілеріне мақұлданды. Бұл салаларда өтелген өтінімдер саны сәйкесінше 26 және 18 құрады. Сонымен қатар, мемлекеттік ынталандыру шаралары металлургия, ағаш өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, жеңіл және химия өнеркәсібі салаларына бағытталды.
Шығындарды өтеуге өтінімдер Қазақстанның әр өңіріндегі субъектілерден келіп түскен. Жалпы ынталандыру шаралары еліміздің 15 өңіріне жолданды.
Еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу шарттары мен механизмдерін түсіндіру бойынша ақпараттық-консультациялық іс-шаралар да тұрақты түрде өткізілуде. Осы бағытта 2022 жылы «QazIndustry» өкілдері 104 өнеркәсіптік кәсіпорынға барды. 12 өңірде «Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары» тақырыбында жалпы саны 15 семинар-кеңес өткізілді.
Айта кетейік, Мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында өтінімдер жыл бойы қабылданады. Ынталандыру шараларын алу шарттарымен толығырақ qazindustry.gov.kz сайтында танысуға болады.