ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің көлік, арнайы техника және ауыл шаруашылығы машинасын жасау басқармасының басшысы Руслан Хисамутдинов және "Qazindustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ машина жасауды дамыту дирекциясының басшысы Төлеген Усин жұмыс сапарымен Қостанай қаласына барып, отандық автоөнеркәсіпті дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңеске қатысты.
Іс-шараны Ұлттық технологиялық болжау орталығы мен "ALLUR" автокомпаниясы ұйымдастырды.
Семинарға қатысушылар еліміздегі автоөнеркәсіп саласын дамыту мәселелерін талқылады. Сарапшылар сору жүйелері, сымдар, орындықтар, электронды компоненттер, автомобиль пластмассасын құю, автомобиль болаты және шанақ панельдерін штамптау сияқты әртүрлі компоненттердің өндірісін ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ, жиын барысында қазақстандық даму институттарының, оның ішінде «Даму» Қоры және өнеркәсіпті дамыту қорының өкілдері сөз сөйлеп, қатысушыларды отандық өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, іс - шара аясында Қазақстандық автобизнес қауымдастығы және ауылшаруашылық машина жасау кәсіпорындары
- Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығының Қостанай филиалымен, "АгромашХолдинг КЗ" АҚ, "Қостанай агромеханикалық зауыты" ЖШС, "Дон Мар"ЖШС өкілдерімен жұмыс кеңесі өтті.
Жиын барысында отандық автоөндірушілердің проблемалық мәселелері талқыланып, қатысушыларға машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы таныстырылды.
Іс-сапар аясында ИИДМ өкілдері "KamLitKZ", "Агромашхолдинг KZ" және "СарыарқаАвтоПром" кәсіпорындарына барды.