QazIndustry, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ және "Қазақмыс" корпорациясының өкілдері Ақмола облысының бірқатар өндірістік кәсіпорындарына барды. Атап айтқанда, мамандар "Новопэк" ЖШС, "Тыныс" АҚ және "Көкше Техстрой" ЖШС-да болып, кәсіпорындардың өндіріс үдерісімен және шығарылатын өнімнің ассортиментімен танысты.
Компания өкілдерімен кездесу барысында өнімді өткізу нарықтарын игеру, жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен ынтымақтастық мәселелері талқыланып, ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндіктері қарастырылды.
QazIndustry сарапшылары компания басшылары мен қызметкерлерін қолданыстағы мемлекеттік ынталандыру шараларымен таныстырды.
"Қазақмыс" корпорациясы "Новопэк" ЖШС компаниясы шығаратын БИГ-багтар (қапталған және үйінді құрылыс материалдарын, көкөністерді, жемістерді және басқа да азық-түлік өнімдерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өлшеп орауға арналған жұмсақ контейнерлер), полипропилен қаптар, ыңғайлы қаптамалар, сондай-ақ "Көкше Техстрой" ЖШС шығаратын су құбырлары мен газ құбырларына арналған полиэтилен құбырларының өндірісіне қызығушылық танытты.
Айта кетейік, "Новопэк" ЖШС ұн, жарма, қант, тұз, күкірт, селитра, цемент, мыс концентраты, ферроқорытпаларға арналған полимерлі қаптама нарығында көпжылдық көшбасшы болып табылады. 2003 жылы негізі қаланған компания өңірлік деңгейдегі шағын фабрикадан ЕАЭО-ға қатысушы елдер аумағындағы ірі өнеркәсіптік кешендердің біріне айналып отыр. Өндірістік кешенде 600 қызметкер жұмыс істейді, айына 8 млн данадан астам дайын өнім шығарылады.
"Тыныс" АҚ компаниясы қорғаныс саласында мемлекеттік тапсырысын орындайтын Ақмола облысындағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі. Зауыт авиациялық техниканың тораптары мен агрегаттарын шығарады. Экспорт үлесі жалпы өндіріс көлемінің 50 % - құрайды.
"Көкше Техстрой" су құбырларына, газ құбырларына және кабельдік арналарды төсеуге арналған полиэтилен құбырларын шығарады.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry кәсіпорындар мен ірі тапсырыс берушілер арасында ұзақ мерзімді шарттар жасасуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізеді, ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп өндіріске көшпелі турлар ұйымдастырады. Бұл тапсырыс берушілер мен отандық өнім өндірушілер арасындағы іскерлік және сенімді әріптестік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
Мысалы, өткен жылдың қыркүйегінде бесінші субконтрактілер биржасы аясында "KAZ Minerals" тобы "Новопэк" ЖШС компаниясынан 4,3 млрд теңгеге өнім жеткізуге ұзақ мерзімді кепілдендірілген шартқа қол қойды. Бұдан басқа, 2022 жылы "Тыныс" АҚ әлеуетті өнім жеткізуші ретінде "Самұрық-Қазына" аккредиттеуінен сәтті өтті.