Ағымдағы жылдың 23-28 сәуір күндері аралығында QazIndustry мамандары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерімен бірге Маңғыстау облысының бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды. Атап айтқанда мамандар "WESTECOPLAST" ЖШС, "Шыны пластик құбырлар зауыты" ЖШС және "Ақтау машина жасау зауыты" ЖШС-на барды.
Іс-сапардың негізгі мақсаты технологиялық процестерді цифрландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Сапар қорытындысы бойынша сарапшылар кәсіпорындардың ағымдағы жай-күйі және олардың жаңғыртылу деңгейіне талдау жүргізіп, цифрлық жол карталарын іске асыру және отандық цифрлық шешімдер пулын қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, 26 сәуірде "Атамекен" ҚР ҰКП базасында QazIndustry қызметкерлері Маңғыстау облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдерімен бірлесе өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының басшыларымен жиын өткізді. Шара барысында кәсіпорындар тарапынан өнімдерін сату кезінде кездесетін кедергілерін анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері өнеркәсіптің жай-күйі туралы ұлттық баяндамада көрініс табатын болады.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушыларға еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну шарттары мен тетіктері түсіндірілді.