«Сұрақ сізден - жауап бізден!»

"QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына азаматтардан акционерлік қоғам көрсететін қызметтерге қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде. Осы орайда «QazIndustry» АҚ Стратегиялық жоспарлау және коммуникациялар дирекциясы «Сұрақ сізден - жауап бізден!»  айдарын іске қосады. Бұл жерде сарапшылар азаматтардан келіп түскен сұрақтарға жауап беріп отыратын болады.

Бүгін біз өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы ТОП-5 сұраққа жауап береміз.

 

Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалана алады.

Мұндай қолдауды "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ көрсетеді.

Мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынуға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев жауап берді.

 

 

1.  Өнеркәсіпті мемлекеттік тұрғыда ынталандыру дегенді тарқатып айтып берсеңіз және оның кәсіпорындарға қандай тиімділігі бар?

 

Жауап. Өнеркәсіптік кәсіпорындарды мемлекеттік ынталандыру - бұл отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттен шаралар пакетін ұсыну.

Мемлекет тарапынан белгілі бір шығындарды өтеудің арқасында кәсіпорындар, мысалы, өз қызметкерлерінің құзыретін арттыра алады, кәсіпорындағы технологиялық процестерді жетілдіре алады, цифрлық технологияларды енгізе алады, өз тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін ішкі нарыққа шығара алады.

Осы шаралардың барлығы отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елішілік құндылығын арттыруға ықпал етеді.

Өз кезегінде мемлекет бизнесті қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары арқылы қолдай отырып, экономика салаларында экономикалық, әлеуметтік және басқа көрсеткіштердің жақсаруын күтеді.

 

2. Qazindustry мемлекеттік ынталандыру шараларының қандай түрлерін ұсынады?

Жауап. Біз кәсіпорындарға екі негізгі бағыт бойынша шығындарының бір бөлігін өтейміз. Олар өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға және өнімдер мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету үшін жұмсалған шығындары.

Жеке тоқталып өтсек.

Бірінші. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу үшін өтінім бере алады. Мұндай шығындардың төрт түрі өтеледі:

- қызметкерлердің құзыретін арттыруға жұмсалған шығындар;

- технологиялық процестерді жетілдіруге жұмсалған шығындар;

- өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындар;

- цифрлық технологияларды енгізу шығындары.

Мемлекет аталған шығындар түрлері бойынша күнтізбелік жылы 30-дан 60 млн теңгеге дейін жалпы 40 % өтей алады.

Екінші. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері өз тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін ішкі нарыққа ілгерілету бойынша шығындарды өтеуге өтінім бере алады. Бұл бағытта, шығарылатын өнімге сертификаттық және зертханалық сынақтар жүргізу, соның ішінде сынақ нәтижелерін сараптау, сертификаттарды тіркеу және т.б. шығындар болуы мүмкін.

Бұл жағдайда мемлекет шығындардың 50% өтей алады, бірақ 3000 АЕК-тен аспау қажет.

Сондай-ақ, бағдарламалық қамтамасыз етуімен бірге сәйкестендіру құралдарын алуға арналған жабдықты сатып алуға байланысты шығындарды өтеу көзделеді. Мысал ретінде, аяқ киім өнімдерін таңбалау жабдықтарын айтуға болады.

Бұл жағдайда мемлекет шығындардың 50% - өтей алады, бірақ 10 000 АЕК-тен аспау қажет.

 

3. Өтінім берушілерге өз тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін ішкі нарыққа ілгерілету бойынша шығындарын өтеу үшін қандай талаптар қойылады?

Жауап. Біріншіден, бұл отандық тауар өндіруші болуы керек.

Екіншіден, кәсіпорын ҚР ИИДМ-нің 2022 жылғы 30 мамырдағы №306 бұйрығымен бекітілген басым тауарлар тізбесіне сәйкес келуі тиіс.

Үшіншіден, кәсіпорынның өтінім берген уақыттағы салықтар, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмауы тиіс.

Төртіншіден, кәсіпорын әділет органдарында тіркелген күннен бастап операторға өтінім түскен күнге дейін кемінде бір күнтізбелік жыл өтуі тиіс.

Айта кетерлігі, акцияларының 50 % және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық холдинг немесе ұлттық компанияға тиесілі субъектілер мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалана алмайды.

 

 

 

4. Мемлекеттік ынталандыру шараларын алу тәртібі қандай және қызметтерді алу үшін қандай құжаттар қажет?

Жауап. 2020 жылғы 26 наурыздан бастап өтінімдер мен құжаттарды қабылдау www.qazindustry.gov.kz. порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады.

Порталда өтінім беру үшін порталда тіркелу қажет, ал өтінімге қол қою үшін - ЭЦҚ кілті болуы қажет. Сондай-ақ, портал арқылы жүктеуге болатын Synergy Agent бағдарламасын орнату қажет.

Өтінім беру үшін қажетті құжаттардың тізбесі және оларды дайындау бойынша әр қадамы жазылған нұсқаулық www.qazindustry.gov.kz порталында орналастырылған ("бизнесті қолдау" бөлімі). Сол бөлімде "өтінім беру" батырмасы бар.

Өтінімдерді қабылдау жыл бойы жүргізіледі.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша 8 (7172) 79 33 90 (ішкі. 444) байланыс телефоны арқылы хабарласып, толық ақпарат алуға болады.

 

5. Мемлекеттік ынталандыру шаралары көрсетілген кәсіпорындардан қандай да бір қайтарым талап етіле ме?

Жауап. Әрине, көмек көрсете отырып, мемлекет кәсіпорындардан қарсы міндеттемелерді талап етуге құқылы, оның шеңберінде әлеуетті өтінім беруші мемлекет салған бір теңгеден табыс көлемін кемінде екі теңгеге ұлғайту жөніндегі міндеттемені өзіне алады.

Мысалы, кәсіпорын 30 млн теңге көлемінде өтемақы алған жағдайда, екі жыл ішінде бұл соманы 60 млн теңгеге дейін ұлғайтуға тиіс.

Осы қарсы міндеттемелерді орындамаған кезде кәсіпорын қол жеткізілген көрсеткіштерге сәйкес келетін өтемақы сомасын қайтарады.