2023 жылғы қаңтар-сәуір айларында елімізде 73,5 млрд теңге сомасына жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл былтырғы жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 43,3% - ға жоғары. Өндіріс өсімі барлық салаларда байқалады. Атап айтсақ, тоқыма бұйымдарын өндіру 61,2%-ға, киім өндірісі 22,2 %-ға, былғары және оған қатысты өнімдерді шығару 26,1%-ға артқан.
Есептік кезеңде жеңіл өнеркәсіп өнімінің нақты көлемінің индексі 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 134,9 % құрады. Өсім тоқыма бұйымдарын өндіруде (155,4%), киім өндіруде (108,2%), былғары және оған қатысты өнімдер (102,4%) өндірісінің артуы есебінен байқалады.
Салада синтетикалық талшықтардан иірілген жіп, тігін жіптері, төсек-орын, түкті және түкті маталар (тоқыма), іш киім, костюмдер, күртешелер, көйлектер, шалбарлар, кеудешелері бар комбинезондар, блейзерлер (киім); су өткізбейтін аяқ киім, спорттық аяқ киім (былғарыдан жасалған бұйымдар). көбірек шығарыла бастады.
Бұл бағытта өңірлер арасында Түркістан және Ақмола облыстарында, Шымкент және Алматы қалалары көш бастап келеді.
Жеңіл өнеркәсіп үлесі Түркістан облысында республика өндірісінің жалпы көлемінің 25 %, Шымкентте - 16,3 %, Алматыда - 8,5%, Ақмола облысында - 5,6% құрайды.