QazIndustry өкілдері "Самұрық-Қазына Келісімшарт" ЖШС, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС, "Казцинк" ЖШС, "KAZ Minerals Bozshakol" ЖШС, "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В" ЖШС сияқты ірі тапсырыс берушілермен бірге "Астана - жаңа қала" АЭА индустриялық паркіне барып, бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен және шығарылатын өнімдерімен танысты.
Делегация коррозияға қарсы және отқа төзімді жабындарды өндіретін "Астана ВМП зауыты" ЖШС, өрт дабылы мен бейнебақылау жүйелерін дайындайтын "QR SYSTEMS" ЖШС және полимерлі құбыр өнімдерін өндіретін "СТЗ "Арыстан" сауда үйлерінде болды.
Кездесу барысында өнімді өткізу нарықтарын игеру және жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндіктері қаралып, кәсіпорын қызметкерлеріне мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы ақпарат жеткізілді.
"Астана ВМП" - Қазақстандағы Еуропалық деңгейдегі заманауи индустриялық лак-бояу жабындарының жалғыз жоғары технологиялық өндірісі. Өнімдер өнеркәсіптік және азаматтық мақсаттағы объектілерді ұзақ мерзімді қорғауға арналған. "Астана ВМП" жабындары елдегі теміржол және автожол көпірлерін, энергетика, мұнай-газ кешені және тау-кен металлургия өнеркәсібі объектілерін, Астана мен Алматыдағы көпір айрықтарын, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың стратегиялық объектілерін қорғайды. Кәсіпорын жылына 5000 тоннадан астам өнім шығарады.
"QR SYSTEMS" ЖШС өрт дабылы және бейнебақылау жүйелерін шығаруға маманданған. Кәсіпорын "Ақылды үй" және IP-домофония, ақылды есептегіштер жүйелерін шығарады, пәтер мен тұрғын үй иелеріне тұрғын үйді басқарудың инновацияларын ұсынады.
"Арыстан" СТЗ " сауда үйі полимерлі құбыр өнімдерін - сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, тазарту құрылыстарын, кәріз сорғы станцияларын, ауыз су резервуарларын, полиэтилен құдықтарын ұсынады. Кәсіпорын Еуропадағы химия өнеркәсібінің ірі өндірушілерінің бірі - 17 зауыттың желісін біріктіретін "Полипластик тобы" ЖШҚ тобына кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry кәсіпорындар мен ірі тапсырыс берушілер арасында ұзақ мерзімді шарттар жасасуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізеді. Осы бағытта ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп өндіріске көшпелі турлар ұйымдастырады. Бұл тапсырыс берушілер мен отандық өнім берушілер арасындағы іскерлік және сенімді әріптестік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді