Qazindustry алаңында Qazindustry мамандары, ҚР ИИДМ және Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы (қазір оның құрамында 100-ден астам қара және түсті металлургия, уран және көмір өнеркәсібі компаниялары бар) құрамына кіретін кәспорын өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесу барысында өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасасу тетігі және отандық тауар өндірушілермен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Шараға «Казцинк», Kaz Minerals Management, "ERG Коммерциялық орталығы", Қазақмыс корпорациясы, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ, "Полиметалл Еуразия" ЖШС, "Ақтөбе Мыс компаниясы" ЖШС, "Karlskrona LC AB" ЖШС, "Format Mach Company" ЖШС, "Астана электротехникалық зауыты" ЖШС, "Sigma Corporation" ЖШС, "Алматы ауыр машина жасау зауыты"АҚ, "Бемер Арматура "ЖШС, "Қазэлектромаш" ЖШС, сондай-ақ Қазақстан машина жасаушылар Одағының өкілдері қатысты.
Ірі жер қойнауын пайдаланушылар импортты алмастыру үшін тұрақты негізде сатып алынатын тауарлардың тізбесін қалыптастыру процесін, сондай-ақ отандық өндірушілермен өзара іс-қимыл жасаудың негізгі тәсілдерін таныстырды. Бұл бағыттағы жұмыс мүдделі тараптардың айтылған ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып жалғастырылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар "Өнеркәсіптік саясат туралы" Заңның 46-бабына сәйкес офтейк-келісімшарттар мен келісімшарттық сатып алу шарттары негізінде жасалады.
Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасасу рәсімдерін жақсарту мақсатында "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" ҚР Кодексіне және "Өнеркәсіптік саясат туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді. Олар офтейк-келісімшарттар мен тапсырыс берушілердің кепілдендірілген сатып алу шарттарын жасасу жөніндегі міндеттемелерді белгілеуге, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың жасалатын офтейк-келісімшарттар мен кепілдендірілген сатып алу шарттарының саны бойынша нысаналы индикаторлар белгіленген елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын қабылдауына қатысты.