QazIndustry отандық кәсіпорындардың өнімдерін ішкі нарыққа ілгерілетуге және еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Бизнесті ынталандыру дирекциясының ақпараты бойынша, 2023 жылдың бес айында (қаңтар – мамыр) мемлекеттік ынталандыру шараларын алу үшін кәсіпорындардан 145 өтінім келіп түскен (тауарларды ілгерілетуге 49 өтінім, еңбек өнімділігін арттыруға 96 өтінім). Кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеуге шамамен 90,6 млн теңге бағытталды. Олардың көп бөлігі кәсіпорындардағы еңбек өнімділігін арттыру шаралары болып отыр.
Өңірлік бөліністе өтінімдердің басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келіп түсті.
Салалық бағытта, көбінесе жеңіл өнеркәсіп пен машина жасау кәсіпорындары өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге, ал жеңіл өнеркәсіп пен машина жасау секторлары, тамақ және сусындар және басқа да дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша өтінімдер жолдаған.
Жоғарыда аталған кезеңде QazIndustry мамандары кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша 186 ауызша консультация және өңірлерінде 11 семинар-кеңес өткізді. Бұдан басқа, өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған вебинарлар және мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру бойынша басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорындарға шығындардың бір бөлігін өтеуге өтінімдер www.qazindustry.gov.kz. порталы арқылы электронды түрде беріледі. Қажетті құжаттар тізімі және оларды дайындау бойынша әр қадамы көрсетілген нұсқаулық ("бизнесті ынталандыру" бөлімінде) орналастырылған.
Өтінімдерді қабылдау жыл бойы жүргізіледі.
Сондай-ақ, мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша 8 (7172) 79 33 90 (ішкі. 444) байланыс телефондары арқылы қосымша ақпарат алуға болады.