Qazindustry өкілдері өнеркәсіптік кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолы мамандар «Елордалық шыны пакет компаниясы» және "Ami Tech Астана" кәсіпорындарына барды.
Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев және Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының бас сарапшысы Жұлдыз Ибраева өндірістерді ұйымдастырумен танысып, кәсіпкерлерге түрлі мәселелер бойынша кеңес берді.
Елордалық шыны пакет компаниясы 2006 жылдан бастап табақ шыныны қалыптастырумен және өңдеумен айналысады. Зауыттың табақ шынылары елорданың ең күрделі сәулет нысандарында қолданылады.
Компания директоры Асқар Байжановтың айтуынша, кәсіпорын Қазақстандағы жетекші табақ шыныны өңдеушілердің бірі және өз өнімдеріне бес жылдық кепілдік беретін жалғыз кәсіпорын болып табылады.
Кәсіпорында әртүрлі спектрде қолданылатын табақ шынылар шығарылады. Атап айтқанда, стандартты, қоғамдық, тұрғын және өндірістік ғимараттарды әрлеуге арналған және сәндік элементтерге дейін жасалады. Табақ шынылар мультифункционалды: жазда бөлме қызып кетпейді, ал қыста жылуды сақтайды.
2014 жылы кәсіпорында жабдықтарды толық жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
"Біздің мақсатымыз - сапалы, жақсы өнім шығару. Әрине, проблемалық мәселелер де кездеседі. Негізінен, олар ішкі логистикадағы темір жолдардың шамадан тыс жүктелуіне және шикізатқа байланысты. Біз шикізатты басқа елден әкелеміз", - дейді компания басшысы.
Кәсіпорын өнімдері көбінесе ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қырғызстанда бірлесе жұмыс атқаратын серіктестері бар.
Өз кезегінде А. Сағиев зауыт өкілдеріне мемлекеттік ынталандыру шараларын, атап айтқанда, еңбек өнімділігін арттыру үшін шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша шараны пайдалана алатынын жеткізді.
"Бұл мемлекеттің қайтарымсыз қаражаты, бірақ қарсы міндеттемелер бар. QazIndustry арқылы шығындарының бір бөлігін өтейтін кәсіпорын мемлекет салған бір теңгеден табыс көлемін кемінде екі теңгеге ұлғайтуға міндетті. Бұл шартты кәсіпорын толық орындай алады деп ойлаймын. Қорқудың қажеті жоқ. Сіздердің кәсіпорындарыңыз өте перспективалы компания. Қазіргі күні өтінім беру рәсімі де барынша жеңілдетілген", - деп атап өтті Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы.
Зауыт басшылығы аталмыш мемлекеттік ынталандыруға қызығушылық танытып, қажетті құжаттарды дайындайтындықтарын жеткізді.
Келесі нысан - "Ami Tech Астана" ЖШС. Компания әртүрлі калибрлі шыны пластик құбырларды шығарады. Ең үлкені диаметрі үш метрге жетеді.
Кәсіпорынның қуаты - жылына 200 км құбыр шығарады. Олар ауыз суды тасымалдау үшін, өрт сөндіруде, теңіз және тұзсыздандырылған суды айдау кезінде, электр станцияларында, химиялық және өндірістік қалдықтарды жою кезінде, кәріз және суару жүйелерінде қолданылады.
Компания өнімдері ТМД нарықтарына жіберіледі.
Сонымен қатар, кәсіпорында жеке зертхана жұмыс істейді, онда сынақтардың 17 түрі өткізіледі.
Кәсіпорын өкілдеріне мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы кеңес беріліп, толық ақпарат алу үшін аптаның әр бейсенбі күні QazIndustry ғимаратында (Қабанбай батыр көшесі, 17) өткізілетін Ашық есік күніне шақырылды.