QazIndustry өкілдері Ақтөбеде өткен "Қазақстанның үздік тауары-2023" өңірлік көрме-байқауы аясында ұйымдастырылған панельдік сессияға қатысты.
Атап айтқанда, «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев кәсіпкерлерге және кәсіптерін енді бастайын деп жүрген азаматтарға кәсіпорындардағы еңбек өнімділігін арттыру және тауарларды ішкі нарықта ілгерілету мақсатындағы мемлекет тарапынан ұсынылатын ынталандыру шаралары туралы айтып берді. Сонымен қатар панелдік сессияға қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Сондай-ақ, Ақтөбе қаласына іс-сапар аясында А.Сағиев жеңіл өнеркәсіп және кондитерлік өнімдер шығаратын екі кәсіпорынға барып, өндіріс процестерімен танысып, кәсіпорындарға шығындарының бір бөлігін өтеу шараларын қолдануға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 13 тамызы күні Ақтөбеде "Қазақстанның үздік тауары" дәстүрлі көрме-байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Көрмеде азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс индустриясы, машина жасау және басқа да кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынды.
Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 97,7 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,8% - ға артық.
Биыл Ақтөбе облысының үздік тауар өндірушілері атағына 29 компания үміткер болды.