«Qazindustry» АҚ Комплаенс-қызметі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 5-тармағына сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шараларды қабылдау мақсатында 2023 жылғы 11 қыркүйектен бастап нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілетінін хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) талдау объектісінің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
2) талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелі - бұл мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың лауазымды адамдарын өзіне немесе үшінші тұлғаларға пайда алу мақсатында лауазымдық жағдайды заңсыз пайдалануға немесе аталған адамға, басқа жеке тұлғаларға мұндай пайданы заңсыз беруге итермелейтін мән-жайлардың болуы.