QazIndustry және «Атамекен» ҰКП  өкілдері «Бір ауыл-бір өнім» жобасын талқылады

«Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығында «Бір ауыл - бір өнім» пилоттық жобасын талқылау бойынша «Атамекен» ҰКП  өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар жобаны танымал ету және оған қатысушыларды қолдау үшін ынтымақтастық пен бағыттарды жүзеге асыруды талқылады.

"Бір ауыл - бір өнім" жобасы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында кәсіпкерлердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған «Мен — кәсіпкер» жаңа тетігі  шеңберінде іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты-әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, ауыл тұрғындарына жергілікті шикізаттан өнім шығаруға жәрдемдесу және олардың бизнесін масштабтау, отандық брендтер құру және қазақстандық өнімнің сапасын арттыру.

- «Аталмыш пилоттық жоба бірнеше өңірде жүзеге асырылуда. Жапондық технология негізіндегі жобаның негізгі мақсаты шикізаттан жоғары құнды өнім шығару. Жоба әсіресе жоғары сапалы өнім шығаратын, бірақ қаражаттың немесе басқа құралдардың болмауына байланысты тек өз ауылдарымен шектеліп қалатын ауыл тұрғындары үшін пайдалы болады. Жоба оларға өз бизнесін кеңейтуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту және шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева.

Кәсіпкерлер палатасы тарапынан «Бір ауыл - бір өнім» жобасының жетекшісі Руслан Молдағайыпов атап өткендей, жобаға қатысу үшін ең жақсы тауарлар өңірлерде ауыл шаруашылығы немесе өнеркәсіптік көрмелер кезінде таңдалды. Бұл жұмыстарды арнайы құрылған бренд-комитеттер атқарды. Олардың құрамында облыстар мен қалалардың әкімдері, олардың орынбасарлары, бейінді басқармалардың өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары болды. Қазіргі уақытта республика бойынша 51 тауар іріктеліп алынды. Енді өнімдерді сапа мен сертификаттау бойынша сәйкестендіру қажет.

Мысалы, Түркістан облысында үздік тауар ретінде үш әйелдің өнімі   анықталды. Өңірдің үздік 3 өніміне Арыс қаласынан Алмакүл Есенқұлованың былғарыдан жасалған бұйымдары, Төлеби ауданынан Феруза Басуованың мұздатылған жеміс-жидек пастиласы және Түркістаннан Әйгерім Номанованың ұлттық өнімдері кірді. Жалпы өңірде 60-тан астам өтінім келіп түскен. 17 кәсіпкердің өнімі "Қазақстанның үздік тауары-2023"өңірлік көрме-конкурсына қойылды. 

Өз кезегінде QazIndustry өкілдері "Бір ауыл - бір өнім" жобасын ілгерілету жұмыстарына қызығушылықтарын танытып, ауыл кәсіпкерлеріне көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев жобаға қатысушыларға өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге және өндірістерде цифрлық технологияларды енгізуге байланысты шығындарының бір бөлігін өтеу жөніндегі ынталандыру шараларын пайдалануды ұсынды.

Сондай-ақ, тараптар жақын арада жобаға қатысушылармен мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру бойынша бірлескен семинарлар өткізу туралы уағдаласты.

Кездесу барысында Qazindustry дирекцияларының өкілдері отандық өнеркәсіпті дамыту бойынша өз қызметтері туралы айтып берді. Ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру жөніндегі дирекциясының бас сарапшысы Жансая Жакупова Qazindustry кәсіпорындарға жаңа жеткізушілерді іздеуге және оффтейк және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға көмектесетінін айтты. Цифрлық трансформация дирекциясының өкілдері кәсіпорындарға цифрлық технологияларды енгізу бойынша толық қолдау көрсетіп жатқандары туралы ақпаратты жеткізді.