Бұл туралы Астанада өтіп жатқан INNOPROM.QAZAQSTAN халықаралық өнеркәсіп көрмесінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Динара Щеглова мәлімдеді.
Көрме аясындағы «Өндірісті цифрландыру: табыстың сыни факторлары» мамандандырылған сессиясында сарапшылар экономиканы нығайтудың негізгі факторларының бірі ретінде өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландырудың маңыздылығы туралы айтты. Сарапшылар қатарында РФ Индустрия және сауда министрлігі Цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары Иван Кузьменко, «Касперский зертханасы» озық технологиялар бөлімінің басшысы Андрей Духвалов және тағы басқалар болды.
«Цифрлық технологияларды пайдаланатын Қазақстандағы ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындары үлесінің өсуі жыл сайын орта есеппен 3,5 пайызды құрайды. Біз цифрлық трансформацияны тиімді дамыту және Индустрия 4.0-ге көшу мақсатында өнеркәсіптік кәсіпорындармен тікелей өзара әрекеттесуде барлық мүдделі тараптарды – мемлекетті, IT секторын, даму институттарын, құзырет орталықтарын, білім беру ұйымдарын, ғылыми зертханаларды біріктіретін цифрлық индустриялық экожүйені құрудамыз», – деді Д.Щеглова.
Сессияда Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кәсіпорындарына IT-технологияларды енгізудің табысты кейстері, өнеркәсіпті роботтандыру нәтижелері қаралып, өнеркәсіптік бағдарламалық қамтамасыз ету бастамалары талқыланды.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің бірлесе жүзеге асырған кооперациялық кәсіпорындарының жарқын мысалдары ұсынылды. Атап айтқанда, бұл «KAMATYRESKZ» резеңке шиналар мен дөңгелекқаптар шығаратын зауыты, «ЕвразКаспианСталь» шойын, болат және ферроқорытпалар шығаратын зауыт, Ақтөбе мыс компаниясы, «Варваринское» бағалы металдар мен кендерді өндіретін кәсіпорын және тағы басқалар. Бұл кәсіпорындарда цифрлық технологиялар, бейне аналитика, өндірісті басқару және жоспарлау жүйелері, цифрлық егіздер, өнеркәсіптік роботтар және Big data жүйелері белсенді түрде пайдаланылады.