Өнеркәсіптік кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шараларының тетіктері түсіндірілді

«QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев және аталмыш дирекцияның бас сарапшы Айдана Әділсұлтани «Астана Инвест» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС басшысының міндетін атқарушы Арсен Меңдіғазиевпен және Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Сабир Мұхамеджанұлымен бірлесіп «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы бірқатар кәсіпорындарға барды. Сапарлардың негізгі мақсаты QazIndustry ұсынатын мемлекеттік ынталандыру шараларын алу шарттары мен тетіктерін түсіндіру.

Мамандар іске қосылу сатысында тұрған  «METAL Former» ЖШС, «Dat.kz» және «Power conversion system» кәсіпорындарына барып, өндірістерді ұйымдастыру жұмыстарымен танысып, сұрақтарға жауап берді.

«Metal Former» алюминнен жасалған шатыр және қаптау материалдарын өндірумен айналысады. «Dat.kz» компаниясы осы жылдың соңына дейін газ блоктарын шығаруды жоспарлап отыр. Ал «Power conversion systems» ЖШС «Meidensha Corporation» компаниясының жапондық технологиясы бойынша жиілікті-реттелетін электр желілерін шығарады.

Сарапшылар аталған кәсіпорындарға QazIndustry арқылы өз шығындарының бір бөлігін, атап айтқанда монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарына, шетелдік жұмыскерлерді тартуға, оқытуға, сертификаттауға жұмсалған қаражаттарын өтей алатындықтарын түсіндірді.

Кәсіпорын өкілдеріне мемлекеттік ынталандыру шараларын алу бойынша толығырақ ақпарат алу үшін QazIndustry ұйымдастыратын ашық есік күндеріне қатысу ұсынылды.

 

Естеріңізге сала кетейік, Ашық есік күндері аптаның әр бейсенбі күні QazIndustry ғимаратында (Қабанбай батыр көшесі, 17) өтеді.