«Отандық өндіріс» медиа жобасының қатысушылары әлемдегі ең озық алюминий өндіру технологиясымен танысты

 

«Отандық өндіріс» медиа жобасының қатысушылары Павлодардағы «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ-на барып, өндіріспен танысты. Кәсіпорын ERG құрылымындағы ең жас кәсіпорын болып табылады. Мұнда анодтарды алдын ала күйдіруге негізделген алюминий өндірісінің ең озық және экологиялық таза технологиясы қолданылады.

Павлодар алюминийінен кабель-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялары және құрылыс, автомобиль, тамақ және тұрмыстық индустрия, аспап жасау және басқа да бағыттарға арналған бұйымдар жасалады.

Зауыттың жобалық қуаты жылына 250 мың тонна алюминийді құрайды.

Баспасөз турына қатысушыларға хабарлағандай, зауыт Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында өнімнің 90 % сыртқы нарықтарға жібереді. Атап айтқанда алюминий Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Түркия, Грузия, Нидерланды, Италия, Греция және басқа да Еуропа елдеріне экспортталады. Сонымен қатар, бастапқы алюминийді 11 қазақстандық кәсіпорын сатып алады.

«Соңғы бес жылда отандық нарықта алюминий өндірісіне сұраныс саны екі есеге артып отыр. 2023 жылы Қазақстанда алюминийді сатудың жалпы айлық көлемі –  бес мың тоннаға дейін жетті», – дейді Қазақстан электролиз зауытының технологиялық инженері Аян Абдрахманов.

БАҚ қызметкерлері мен блогерлер "ҚЭЗ" АҚ – еліміздегі жетекші металлургиялық кәсіпорындардың бірі ғана емес, сонымен қатар халықаралық экологиялық талаптарға сай индустриялық сектордағы ең жоғары технологиялық кәсіпорындардың бірі екенін білді. Кәсіпорында өңірдегі тұрақты экологиялық жағдайды қолдауға бағытталған табиғатты қорғау іс-шаралары өткізіледі. Өткен жылы экология саласына жұмсалған шығындар 264,8 млн теңгені құрады.

Зауыт 2007 жылы құрылған, қазір кәсіпорында 2300 адам жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі облыстар мен қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп «Отандық өндіріс» медиа жобасының басталғанын хабарлаған болатын.  Аталған жобаның негізгі мақсаты отандық өнеркәсіпті танымал ету, кәсіпорындардың оң тәжірибелерін көрсету және елішілік құндылық идеяларын насихаттауға бағытталған.

 

Бұған дейін жоба аясында баспасөз турлары Алматы, Шымкент және Түркістан облыстарында өтті.