«QazIndustry» АҚ мамандары «KAZ Minerals Management», «Еуразиялық Топ», «Қазмырыш», «Қазақмыс Корпорациясы» компаниялары өкілдерінің қатысуымен Петропавл, Қарағанды және Теміртау қалаларындағы бірқатар кәсіпорындарға барды. Сапарлардың мақсаты кәсіпорындар мен ірі тапсырыс берушілер арасында офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға жәрдемдесу болды.
Көшпелі тур барысында делегаттар Петропавлдағы «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, Көпсалалы жабдықтар зауыты, Қарағандыдағы «Prolux LED», «GoldMasters» және «Бемер Арматура» ЖШС және Теміртаудағы «КазАрматура», «Инкар-1», «КазЭнергоМаш» зауыттарына барып, өндіріс процесімен және шығарылатын өнім номенклатурасымен танысты.
Кездесуде өнімді өткізу нарықтарын игеру және жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен ынтымақтастық мәселелері талқыланып, офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, тараптар теміржол қосалқы бөлшектерін, сорғы жабдықтарын, мойын тіректерді, редукторларды, жылу алмасу және энергетикалық жабдықтарды, геологиялық барлау жұмыстарына арналған бұрғылау жабдықтарын жеткізу бойынша ынтымақтастық мүмкіндігін талқылады.
«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ мұнай-газ өндіру, мұнай-газ өңдеу, мұнай-химия, химия, газ, энергетика және өнеркәсіптің басқа да салаларына арналған жабдықтар шығаратын Қазақстанның ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі. Қазіргі таңда «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ ERG-мен вагондарға қосалқы бөлшектер жеткізуге келісімшарт жасасу мүмкіндігі бойынша келіссөздер жүргізуде.
ERG сонымен қатар Теміртаудың «Инкар-1» компаниясы шығаратын конвейерлік жабдықтар мен тау-кен техникасының қосалқы бөлшектеріне де қызығушылық танытты. Бұл жерде тау-кен өндірісіне арналған стандартты емес бөлшектер мен жабдықтар өндіріледі.
QazIndustry өкілдері атап өткендей, жоғарыда аталған кәсіпорындар отандық ауыр машина жасау саласында маңызды рөл атқарады. Мысалы, Петропавл көпсалалы жабдық зауыты геологиялық барлау жұмыстарына арналған бұрғылау жабдықтарын, ал Қарағанды «Prolux LED» кәсіпорны - көшелерді, автомагистральдарды, ғимараттарды, көпірлерді, теміржол платформаларын, шахталарды, зиянды және жарылыс қаупі бар өндірістерді, қоймаларды, жылыжайларды, сондай-ақ кеңселер мен тұрғын үйлерді жарықтандыруға арналған шамдарды шығарады.
«GoldMasters» ЖШС стандартты емес жабдықтар мен металл бұйымдарын өндірумен және металл өңдеумен айналысады. «Бемер Арматура» компаниясы Қазақстан мен ЕАЭО елдерінің аумағында BÖHMER GmbH және «Бемер арматураның» жалғыз ресми өкілі болып табылады.
«Казарматура зауыты» ЖШС мұнай және газ өндіруге арналған жабдықтар шығаруға маманданған. «КазЭнергоМаш корпорациясы» энергетикалық сектор кәсіпорындарына (ЖЭО, ГРЭС, ГТЭС) арналған жабдықтар шығарады.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry кәсіпорындар мен ірі тапсырыс берушілер арасында офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізеді. Және осы бағытта ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп өндірістік кәсіпорындарға көшпелі турлар ұйымдастырады. Бұл формат тапсырыс берушілер (ірі операторлар) мен отандық өнім жеткізушілер арасындағы іскерлік және сенімді серіктестік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
Қазан айының соңына дейін QazIndustry қызметкерлері ірі тапсырыс берушілердің өкілдерімен бірлесіп Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Орал облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларының өндірушілеріне баруды жоспарлап отыр.