Ақмола облысында құрылыс материалдарын өндіру көлемі артып келеді. Бұл салаға Макинск жылу оқшаулау зауыты айтарлықтай үлес қосуда. Осы аптада «Отандық өндіріс» медиа-жобасы аясында аталмыш зауытқа баспасөз туры ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері кәсіпорындағы «Gamma Meccanica S.p.A.» компаниясының соңғы үлгісіндегі итальяндық жабдықтарымен және зауыт өнімдермен танысып, алдағы уақыттағы жоспарларымен танысып қайтты.
Кәсіпорында жылына 34 мың жылу оқшаулағыш материалдар, атап айтқанда минералды мақта плиталары шығарылады. 2019 жылы, зауыт іске қосылған кезде, қуаты небәрі 5000 тоннаны құраған (осы уақыт аралығында шамамен жеті есеге өскен).
«Біз зауытты 2025 жылға дейін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, соның арқасында өндіріс қуаты жылына 50-55 мың тоннаға дейін артады. Сәйкесінше жұмысшылардың жалақылары да көтеріледі», - дейді Макинск жылу оқшаулау зауытының бас директоры Жасұлан Мұхаметжан.
Бұл соңғы үлгідегі заманауи итальяндық жабдықта жұмыс істейтін Қазақстандағы жалғыз зауыт. Барлық процестер автоматтандырылған, бұл кәсіпорынға өнімді тез шығаруға мүмкіндік береді. Кез келген бағыттағы ғимараттарды оқшаулауға мүмкіндік беретін құрылыс материалы Қазақстанда да, шет елдерде де үлкен сұранысқа ие. Айта кететіні, кәсіпорын өнімдерінің 80% экспортқа жіберіледі.
Қазір зауытта 170 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын төлейтін салық мөлшері бір миллиардтан астам теңгеге жетті. Жаңғырту жұмыстарынан кейін мұнда қосымша жұмыс орындары құрылып, салық базасы 4 млрд теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде.
2021 жылғы қарашада Макинск жылу оқшаулау зауыты QazIndustry арқылы өнімділікті арттыру мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын алған. Яғни, кәсіпорын жұмсаған 40 % мөлшеріндегі қаражаттың бір бөлігін мемлекет арқылы өтеп, зауытты одан әрі дамытуға қайта инвестициялаған.
Жақында кәсіпорында мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қалдықтарды қайта өңдеуге арналған неміс жабдықтары іске қосылды, осылайша экологиялық және сонымен бірге экономикалық мәселе шешілді - қазір кәсіпорын қалдықсыз болып саналады.
Сонымен қатар, зауытта жұмыс істейтін қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, олар үшін жатақхана, қонақ үй, тамақтану, әлеуметтік пакет толық қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі облыстар мен қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп «Отандық өндіріс» медиа жобасының басталғанын хабарлаған болатын. Аталған жобаның негізгі мақсаты отандық өнеркәсіпті танымал ету, кәсіпорындардың оң тәжірибелерін көрсету және елішілік құндылық идеяларын насихаттауға бағытталған.
Бұған дейін жоба аясында баспасөз турлары Алматы, Шымкент, Түркістан, Павлодар облыстарында өткен.