Осы күндері Астанада өтіп жатқан Digital Bridge-2023 халықаралық форумы аясында «QazIndustry» АҚ мен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры арасында цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдан Битанов пен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының басқарушы директоры Бекболат Қайырбеков қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты Қазақстан экономикасы секторларын цифрлық трансформациялау саласындағы өзара ынтымақтастық және бірлесе тиісті жұмыстарды жүзеге асыру болып табылады. Атап айтқанда, технологиялық шешімдерді дамыту және енгізу, өнеркәсіптік кәсіпорындардың бизнес-процестерін автоматтандыруды жетілдіру, цифрлық жобалар мен шешімдерді таңдау кезінде консультациялық қолдау көрсету, кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша семинарлар, мастер-кластар, бизнес-тренингтер, вебинарлар ұйымдастыру және цифрлық жобаларды енгізу.
Естеріңізге сала кетейік, Digital Bridge форумының ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Форумға 20 мыңнан астам қатысушы, 300-ден астам IT-компаниялардың өкілдері, 30 елден келген делегациялар жиналды. Іс-шараға деген жоғары қызығушылық Қазақстанның Еуразиялық кеңістіктің жетекші цифрлық және қаржылық технология хабы екенін нақтылай түсті.
Digital Bridge қатысушылары жасанды интеллект, оның пайдасы мен қауіптілігі, IT инфрақұрылымы, ақпараттың «ашықтық презумпциясы», жаңа буын ұялы байланысы, 5G, сандық көшпенділер және басқа да өзекті мәселелер туралы айтты.