Кәсіпорындарға шығындарды өтеу мүмкіндігі туралы түсіндірілді

 

«QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев және бас сарапшы Аида Альшинбаева «Астана Инвест» инвестицияларды дамыту қалалық орталығы» ЖШС Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Сәбит Мұхамеджанұлымен бірлесіп, QazIndustry ұсынатын мемлекеттік ынталандыру шараларын алу шарттары мен тетіктерін түсіндіру мақсатында «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының индустриялық паркі аумағындағы бірқатар кәсіпорындарға барды.

Мамандар алдымен «ATM Construction&Investment (YDA Group)» көпсалалы зауытына барды. Бұл медициналық жабдықтарды, медициналық және кеңсе жиһаздарын, модульдік құрастырмалы құралдарды, сондай-ақ қасбеттерді, витраждарды, терезелер мен есіктерді өндіруге арналған интеграцияланған кешен.

Содан кейін мамандар іске қосылу сатысындағы - ДСП, ДВП, ЛДСП, ОСБ, шпон және фанера өндірісі бойынша «Asia Tech Logistics» ЖШС, лифт құрылысы бойынша «ДСП Групп» зауыты, бетоннан ұсақ бөлшекті бұйымдар шығару бойынша «Аверс», ішкі бұйымдар өндірісі бойынша «HBP Group» және сыртқы қабырға панельдері кәсіпорындарына барды.

Сарапшылар кәсіпорындарға QazIndustry арқылы өз шығындарының бір бөлігін, атап айтқанда монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарына, шетелдік жұмыскерлерді тартуға, оқытуға, сертификаттауға жұмсалған шығындарын өтей алатындықтарын түсіндірді.

 

Кәсіпорын өкілдеріне мемлекеттік ынталандыру шаралары бойыншы толығырақ ақпарат алу үшін QazIndustry-де аптаның әр бейсенбі күні өткізілетін Ашық есік күніне қатысу ұсынылды.