2022 жылдың желтоқсанында Ақтау қаласында іске қосылған жұмсақ қаптама ыдыстарын шығаратын WestEcoPlast зауыты бүгінгі күні қарқынды түрде дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 млн дананы құрайды. Зауыт басшылығы мемлекеттік қолдаудың, оның ішінде өнеркәсіпті ынталандыру шараларының арқасында өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Ағымдағы жылы кәсіпорын Qazindustry арқылы 16,8 млн теңгеге шығындарының бір бөлігін өтеді.
«Біз мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы ақпаратты Qazindustry сайты арқылы білдік. Және осындай қолдауды пайдалануды шештік. Өтінімді қарау процесі еш қиындық туғызбады. Біз қажетті құжаттарды тапсырып, сауалнаманы толтырдық. Төлем көп күттірмеді. Кәсіпорынымызға жабдықты орнатқаннан және жөндегеннен кейін технологиялық процестерді жетілдіруге кеткен шығындардың бір бөлігі өтелді. Түскен қаражатты біз өнімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін қосымша сынақ жабдықтарын сатып алуға жұмсадық», - дейді «WestEcoPlast» ЖШС басшысы Кирилл Демченко.
Кәсіпорында 115 адам жұмыс істейді. Өнімнің 50% экспортқа, қалғаны ішкі нарыққа жіберіледі.
WestEcoPlast жүктерді тасымалдауға арналған сөмкелер мен биг-бэг -полипропилен ыдыстарын өндіруге маманданған. Бұрын өндіріске қажетті шикізат Ресей мен Әзірбайжан елдерінен жеткізілетін. Қазіргі күні Қазақстанның батыс өңірінде пропиленнің қажетті сорттарының өндірісі іске қосылуының нәтижесінде кәсіпорын материалды отандық өндірушіден сатып алуда.
Ақтау зауытының қаптары мен биг-бэг өнімдері шетелдік кәсіпорындардың тауарларымен сәтті бәсекелесуде. Себебі тауарды дайындау технологиялары бірдей және жергілікті шикізаттың сапасы да жоғары.
«Біздің қызметіміз басым бағытты жобалар тізіміне еніп, субсидия алуға мүмкіндік алдық. Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктен несие алып, оны жеңілдетілген пайызбен жабу мүмкіндігін алдық. Qazindustry бізге кәсіпорынды іске қосу сатысындағы шығындарымыздың бір бөлігін өтеп, үлкен қолдау көрсетті. Кәсіпорындар Qazindustry арқылы ынталандыру шараларын бір емес бірнеше рет қолдана алатыны қуантады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдау шаралары экономикалық көрсеткіштерді жоғарылату үшін, оның ішінде тұрақты өндірістік процесті ұйымдастыру және жаңа жұмыс орындарын құру үшін қажет», - деп атап өтті зауыт өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеу туралы барлық ақпаратты qazindustry.gov.kz ресми сайтынан, 8 (7172) 79 33 90 (ішкі. 444) байланыс телефондары арқылы немесе аптаның әр бейсенбі күні ұйымдастырылатын Ашық есік күндеріне қатысу арқылы білуге болады.