Qazindustry өкілдері өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер арасында офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға жәрдемдесу мақсатында кәсіпорындарға баруды жалғастыруда.
Ағымдағы жылдың қазан және қараша айларында Qazindustry мамандары «KAZ Minerals Management», «Еуразиялық Топ», «Қазмырыш», «Қазақмыс корпорациясы» компанияларының өкілдерімен бірге Петропавл, Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және Орал қалаларындағы бірқатар кәсіпорындарға барды.
Атап айтқанда, 6-10 қазан аралығында мамандар Петропавлдағы ауыр машина жасау зауыты және көпсалалы жабдықтар зауытына, Қарағандыдағы «Prolux LED», «GoldMasters» және «Бемер Арматура», Теміртаудағы «КазАрматура», «Инкар-1» және «КазЭнергоМаш» кәсіпорындарына барды. Тараптар теміржол қосалқы бөлшектерін, сорғы жабдықтарын, мойынтіректерді, редукторларды, жылу алмасу және энергетикалық жабдықтарды, геологиялық барлау жұмыстарына арналған бұрғылау жабдықтарын жеткізу бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі күні Петропавлдағы ауыр машина жасау зауыты және ERG вагондарға қосалқы бөлшектер жеткізуге мультиконтракт жасасу мүмкіндігі бойынша келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ, ERG «Инкар-1» компаниясы шығаратын конвейерлік жабдықтар мен тау-кен техникасының қосалқы бөлшектеріне қызығушылық танытты.
12 қазан мен 3 қараша аралығында мамандар Павлодар, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және Орал қалаларында болып, «Агромир» ТПБ» ЖШС, «Формат Маш Компани», «KSP Steel», «Павлодар құбыр арматурасы зауыты», «Техснабэлектрикс», «ЭТЗ Аврора», «ГорЭлТех зауыты», «Elcos», «Балхан», «КЭММ-2030», «Karlskrona LC AB», «Октеракт», ПКФ «Профиль», «Светоком», «Ақтөбе металл конструкциялар зауыты», «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты», «Zhaik Electric», «ОК Орал Кабель» кәсіпорындарына барды.
«Еуразиялық Топ» Агромир кәсіпорнынан жоғары қысымды жеңдердің бір бөлігін сатып алу мүмкіндігі туралы және тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар өткізу туралы келісті. Бұл туралы офтейк-шарт жасалатын болады. Сондай-ақ, Еуразиялық Топ тарапынан «Формат Маш Компани» ЖШС-не категориялық стратегияға қол қою және 2024 жылға арналған баға ұсынысын жіберуге ресми сұраныс жіберілді. Сонымен қатар, «Еуразиялық Топ» «Октеракт» компаниясынан полиуретанды эластомерлер негізінде қосалқы бөлшектерді сатып алуға қызығушылық танытты.
«Elcos» ЖШС тарапынан «Қазмырыш» және «Қазақмыс корпорациясы» компанияларының атына коммерциялық ұсыныстар жіберілетін болады.
«Еуразиялық Топ» және «Қазақмыс» «Karlskrona LC AB» өнімдерін сатып алуға қызығушылық танытты. Бұдан басқа, «Қазақмыс» консольдық сорғыларды жеткізуге келісімшарт жасасты. Сондай-ақ, аталмыш екі жер қойнауын пайдаланушылар «Zhaik Electric» компаниясының автономды гибридті энергия қондырғысына қызығушылық танытты. «Еуразиялық Топ» «Zhaik Electric» компаниясымен мойынтіректерді жеткізуге меморандум жасасуды жоспарлап отыр, бұл одан кейін офтейк-келісімшарт жасасуға әкелуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry тұрақты негізде кәсіпорындар мен ірі тапсырыс берушілер арасында офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізеді. Осы бағытта өнеркісіптік кәсіпорындарға бірлескен көшпелі турлар ұйымдастырады. Бұл формат тапсырыс берушілер (ірі операторлар) мен отандық жеткізушілер арасындағы іскерлік және сенімді серіктестік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.