Ағымдағы жылдың 8 қараша күні Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында Қазақстан құрылысшылар одағының ұйымдастыруымен «Құрылыс материалдары мен құрылыс технологияларын қолдану кезіндегі практикалық кеңестер» атты бизнес-конференция өтті.
Кездесуді құрылысшылар одағы төралқасының төрағасы Талғат Ерғалиев алғы сөзімен ашты.
Конференция жұмысына құрылыс компанияларының, олардың зертханалары мен құрылыс материалдарын өндіру кәсіпорындарының басшылары мен өкілдері қатысты. Спикерлер индустриялық құрылыстың жаңа әдістері туралы айтып, темірбетон плиталары мен керамикалық кірпіш өндірісінің технологияларымен бөлісті. Ал құрылысшылар одағының елордалық филиалының басшысы Вячеслав Лазарев құрылыс материалдарын сатып алудың бірыңғай базасын интеграциялау және құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру көлемін стратегиялық жоспарлаудың маңыздылығы туралы айтып берді.
Конференция аясында «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев сөз сөйлеп, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары және оларды алу жолдары туралы айтып берді.
«Qazindustry» кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету бағыттары бойынша шығындарының бір бөлігін өтейді. Яғни, Сіздер қызметкерлердің құзыретін арттыруға, технологиялық процестерді жетілдіруге, өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға немесе цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған шығындарыңыздың 50 пайызына дейін өтей аласыздар. Кәсіпорындар, әсіресе жаңа құрылып жатқан кәсіпорындар үшін бұл тиімді қолдау», - деп атап өтті А.Сағиев.
Конференция соңында оның қатысушылары Interlight Central Asia халықаралық сәндік және техникалық жарықтандыру және электротехника көрмесіне барып, жабдықтардың соңғы үлгілерімен танысты.