2023 жылдың қаңтар-қазан айларында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық кәсіпорындардың 535,2 млн теңгеге шығындарының бір бөлігін өтеді. Аталмыш кезеңде орталыққа өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларын алуға барлығы 494 өтінім келіп түскен.
Еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша 290 өтінім түсіп, оларды қараудың нәтижесінде кәсіпорындардың жалпы сомасы 511,5 млн теңгеге жұмсалған шығындарының бір бөлігі өтелді. Өңірлік бөліністе ең көп өтінімдер Алматы (62), Астана (56) және Шымкент (44) кәсіпорындарынан келіп түскен. Салалық тұрғыда бұл машина жасау (84), АӨК (56) және жеңіл өнеркәсіп (40) кәсіпорындары.
Екінші бағыт бойынша - тауарлар мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша-204 өтінім түсті. Өтелген жалпы сома-23,7 млн теңгені құрады. Өтінімдердің басым көпшілігі Қарағанды облысы (52), Алматы (33) және Ақтөбе (26) облыстарынан келген. Салалық тұрғыда бұл жеңіл өнеркәсіп (69), машина жасау (52) және химия және фармацевтика өнеркәсібі (43) кәсіпорындары.
Есептік кезеңде QazIndustry мамандары өндірістік-инновациялық қызмет субъектілеріне шығындардың бір бөлігін өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша 500-ден астам ауызша кеңес беру және мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру бойынша 26 іс-шара (Ашық есік күндері, кәсіпорын өкілдерімен кездесулер) өткізді. Сондай-ақ, бірқатар өңірлердің өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдері үшін семинар-тренингтер мен вебинарлар ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы барлық ақпаратты qazindustry.gov.kz ресми сайтынан немесе аптаның әр бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде ұйымдастырылатын Ашық есік күндерінен білуге болады.