2011 жылы Оңтүстік Кореялық серіктестермен бірлесіп ашылған патенттелген технологиясы бар «Mega Smart» зауыты жылтыр МДФ плиталары мен жиһаз өндіруге маманданған кәсіпорын. Зауыт еліміздегі жиһаз өндірісіндегі импорттық жылтыр плиталарды сәтті ауыстырып, өндірістегі қазақстандық үлесті 90% - ға жеткізіп отыр.
Қазіргі күні «Mega Smart» ЖШС жанынан жиһаз фабрикасы іске қосылып, кәсіпорын автоматтандыру және цифрландыру сияқты инновациялық технологияларды енгізу арқылы өнім сапасын арттырып, нарықтағы тауар бағасын айтарлықтай төмендетті. Өндіріс қуатын жаңғырту мен өнім көлемін ұлғайтуға деген компанияның ұмтылысының нәтижесінде кәсіпорын Қазақстан бойынша және ТМД елдерінде дилерлік желі құруды жоспарлап отыр.
Аталмыш жобаның жалпы құны - 1,2 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 170-ке жуық жұмыс орны құрылған. Зауыт өнімдері Қазақстанда және ТМД елдерінде (Өзбекстан,
Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия) танымал. «Mega Smart» табысты отандық өнеркәсіптің символы ғана емес, сонымен қатар жаңа нарықтар мен технологияларды игере отырып, белсенді дамуын жалғастыруда.
Өндіріс 60 күнде 20 мың шаршы метр ғимаратты жиһазбен жабдықтауға қабілетті.
Mega Smart-тың Алматы, Қызылорда, Қостанай және Павлодарда өкілдіктері бар.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі облыстар мен қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп «Отандық өндіріс» медиа жобасының басталғанын хабарлаған болатын. Аталған жобаның негізгі мақсаты отандық өнеркәсіпті танымал ету, кәсіпорындардың оң тәжірибелерін көрсету және елішілік құндылық идеяларын насихаттауға бағытталған.
Бұған дейін жоба аясында баспасөз турлары Алматы, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарында өткен.