Әлемдегі ең ірі конденсатор қондырғыларын өндіруші және экспорттаушы – «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС өнім жеткізу көлемі мен кірісін ұлғайтты. Бұл технологиялық процестерді жетілдірудің және өндірісті цифрландырудың арқасында мүмкін болды. Осы мақсаттарға жұмсалған шығындардың бір бөлігін «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы өтеді.
Ағымдағы жылы QazIndustry аталмыш кәсіпорынға 30,9 млн теңге көлемінде шығындардың бір бөлігін өтеді.
Зауыт қуаттылығы жоғары конденсаторлар, трансформаторлар, конденсаторлық қондырғылар, модульдер және батареялардың 1000-нан аса атауы бар түрлерін шығарады. Сондай-ақ, кәсіпорын электр энергиясының сапасын өлшеу, жабдықты таңдау, баптау, пайдалануға беру және сервистік қызмет көрсету арқылы желілер мен қосалқы станцияларды тексеру бойынша кешенді қызметтер көрсетеді.
Қазақстандық зауыттың өнімдері жергілікті нарықтан басқа Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Грузия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Түрікменстан, Украина, Тәжікстан, Өзбекстанның энергетикалық нарығын қамтамасыз етеді.
Өскемен конденсатор зауыты заманауи өнеркәсіптік технологиялармен жабдықталған және өзінің аккредиттелген сынақ орталығы бар. Кәсіпорында кез-келген күрделіліктегі конденсатор өнімдері шығарылады.
Өскемен зауытының өнімдері жетекші және әлемге әйгілі металлургиялық компаниялар – «ERG», «Магнитогорск металлургиялық комбинаты», «Тагмет», «Еураз-НТМК», «Амур Минерал», «РМК», «Томинский ГОК», «KazMinerals», «Қазмырыш», «ҮМЗ», «Соколов - Сарыбай тау-кен байыту өндірістік кәсіпорыны» және т.б. кәсіпорындар арасында жоғары сұранысқа ие.
Конденсатор өнімдерін пайдалану электр энергиясының құнын 40 пайызға дейін төмендетуге, оның сапасын жақсартуға және тұтынушының электрмен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Соңғы жылдары біздің кәсіпорын технологияларды жетілдіру, жабдықтарды жаңарту, көп еңбекті қажет ететін процестерге автоматтандыру мен механикаландыруды енгізу, өндірістің экологиялық қауіпсіздігін арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Нәтижесінде инновациялық шешімдер сәтті іске асырылды. Біз цифрлық технологияларды енгіздік, қызметкерлердің құзыреттерін арттыру бағытында жұмыстар жүргіздік, мамандарды шетелге оқуға жібердік. Өндірісті жетілдіру және цифрландыру шығындарының бір бөлігін «Qazindustry» АҚ орталығы өтеді. Бұл мемлекет тарапынан үлкен қолдау», - дейді «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС Бас директоры Владимир Аксенов.
Кәсіпорын өз өнімдеріне конструкторлық - технологиялық құжаттаманы дербес әзірлеумен айналысады. Сипаттамалары өзгерген стандартты емес өнімдерді шығаруға тапсырыстар жиі түседі, бұл өнімнің құжаттамасын ішінара, кейде толық өңдеуді талап етеді.
Бизнес-процестерді жақсарту құжаттаманы әзірлеу мерзімдерін 15-20 % - ға және өнімді дайындау мерзімдерін қысқартуға, сондай-ақ өнімнің барлық номенклатурасы бойынша кәсіпорынның бірыңғай электрондық мұрағатын құруға мүмкіндік берді. Енді өнімді өндіруге қажетті барлық құжаттама бекітілгеннен кейін бірден цех үшін қол жетімді болады. Сондай-ақ, инновациялар өндіріс жоспары негізінде материалдар мен компоненттерге қажеттілікті есептеуді автоматтандыруға мүмкіндік берді.
Мұның барлығы өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне және осылайша оның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырды.
Осының арқасында кәсіпорында еңбек өнімділігі мен өндіріс көлемі 9% - ға дейін өседі деп күтілуде.
Іске қосу - баптау және шеф - монтаждау жұмыстарын жолға қою жаңа орау станогын іске қосуға мүмкіндік берді. Бұл сатып алушылардың қосымша өтінімдерін жедел орындауға, жұмысшылардың еңбек өнімділігін жақсартуға, өнімді жеткізу және кәсіпорынның кірісін арттыруға мүмкіндік берді.
«Qazindustry мамандарына біліктілігі мен кәсібилігі үшін алғысымызды білдіреміз, соның арқасында біздің зауыт қысқа мерзімде шығындардың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік алды», - деп қорытындылады кәсіпорын басшылығы.