«QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы Қызылорда облысындағы өнеркәсіп саласының дамуы бойынша талдау жүргізді. Сарапшылар өнеркәсіптік жобалардың өңірлік пулы шеңберінде инвестиция көлемі шамамен 1,1 трлн теңге болатын 46 жобаны іске асыру көзделгенін хабарлайды. Аталмыш жобалар аясында 7200-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Негізгі жобалардың ішінде композиттік материалдар, талшықты цемент, шыны ыдыстар, айналар және басқа да өнімдер шығаратын кәсіпорындар бар.
«2024 жылы өңдеу өнеркәсібінде шамамен 10 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту және 165 тұрақты жұмыс орнын құру арқылы сегіз жобаны іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, энергия үнемдейтін шыны, газоблоктар, асфальтбетон сияқты құрылыс материалдары шығарылатын болады», - делінген дирекция хабарламасында.
QazIndustry мамандарының хабарлауынша, өткен жылы Қызылорда облысының өңдеу өнеркәсібінде құны 7,3 млрд теңге болатын сегіз жоба пайдалануға беріліп, 400-ге жуық жұмыс орны ашылған. Жүзеге асырылған жобалардың басым бөлігі тамақ өнеркәсібі саласында болған. Бұл күріш, құс еті, нан өнімдері, картоптан жартылай фабрикаттар өндіру және басқа да жобалар.
Облыс орталығы - Қызылорда қаласының аумағында «Серпін» және «Өндіріс» индустриялық аймақтары жұмыс істейді. Индустриялық аймақтар Арал, Қазалы, Қармақшы және Шиелі аудандарында бар.
Айта кетейік, «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы өңдеу өнеркәсібіндегі өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың тізбесін қалыптастырады және жобаларды қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді.