QazIndustry арқылы кәсіпорындардың 135 млн теңгеге шығындары өтелді

Ағымдағы жылдың ақпан айында отандық өнеркәсіп кәсіпорындарына QazIndustry арқылы 135 млн теңгеге шығындары өтелді. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлайды.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары аясындағы қаражат кәсіпорындарға еңбек өнімділігін арттыру және тауарларды ішкі нарыққа ілгерілету бағыттары бойынша беріліп отыр.

Бірінші бағыт, яғни еңбек өнімділігін арттыру бойынша 65 өтінім келіп түскен. Бұл бағыт бойынша шығындарды өтеу сомасы 132,5 млн теңгені құрады. Өтінімдердің басым бөлігі Қарағанды облысы (23 өтінім) мен Алматы (11 өтінім)  қаласындағы кәсіпорындардан және салалық бөліністе металлургиялық кәсіпорындар мен тамақ және сусындар өндіретін кәсіпорындардан (13 өтінім) қабылданған.

Екінші бағыт – тауарларды ішкі нарыққа ілгерілету бойынша 34 өтінім түскен. Шығынды өтеу сомасы 2,5 млн теңгені құрады. Өтінімдердің көпшілігі Қостанай облысынан (6 өтінім) және машина жасау кәсіпорындарынан (11 өтінім) келіп түсті.

Сондай-ақ, QazIndustry мамандары тұрақты түрде өнеркәсіп кәсіпорындарына шығындардың бір бөлігін өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ақпан айында QazIndustry мамандары байланыс телефондары арқылы 55 рет кеңес берген. Мамандар өз кезегінде кәсіпорындарға барып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпаратты https://qazindustry.gov.kz/ ресми сайтынан немесе аптаның әр бейсенбі күні «QazIndustry» АҚ кеңсесінде (Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 17) өткізілетін Ашық есік күндері арқылы білуге болады.