«QazIndustry» АҚ өкілдері өңірлерде мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Осы бағыттағы кезекті жиын Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында өтті.
Ағымдағы жылдың 13 наурызы күні Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы кәсіпорындарының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясы басшысының орынбасары Айсұлу Жалмурзина жиналғандарға өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«QazIndustry кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындарының бір бөлігін өтейді. Яғни сіздер жұмсалған қаражатыңыздың бір бөлігін қайтарып алып, оны компанияны одан әрі дамытуға жұмсай аласыздар», - деп атап өтті спикер.
Кездесуге барлығы 30-ға жуық кәсіпорынның өкілдері қатысты. Кездесу барысында кәсіпкерлердің көпшілігі мемлекеттік қолдау шараларына қызығушылық білдіріп, отандық өнеркәсіп үшін бұл мемлекеттің үлкен қолдауы екенін атап өтті.
Осындай кездесу Петропавл қаласында да өтті. Кәсіпорын басшыларына мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Аида Әлшінбаева, инвесторларға қолдау көрсету бойынша Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясының орынбасары Рымтай Акатаева ақпарат берді. Сондай-ақ, мамандар өңірдегі бірқатар кәсіпорындарға («СФК» ЖШС, Reima, Class, «Қазтехмаш», Петропавл электротехникалық зауыты) барып, өндіріс жұмыстарымен танысты.
Кездесулер барысында мамандар бизнес-қауымдастық өкілдерінің қойылған сұрақтарына жауап берді. Кейбір кәсіпорындар үшін жақын арада өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну тетіктері бойынша жеке онлайн-консультациялар өткізілетін болады.