2024 жылы түсті металлургия саласында 8 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда

 

Ағымдағы жылы Қазақстанның түсті металлургия саласында жалпы құны 169 млрд теңге болатын сегіз жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде алюминий радиаторларын, катодты мыс, доре қорытпалары және т.б өнімдерді өндіру бойынша жобалары бар. Өндірістерді пайдалануға беру 2000-ға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлайды.

«Жоспарланған жобалардың жобалық қуатына шығу кезінде олардың өндіріс көлемі шамамен 136 млрд теңгені құрайды. Экспортқа  71  млрд теңгеге өнім жіберіледі деп күтілуде» - делінген хабарламада.

Барлығы түсті металлургия саласында жүзеге асу сатысында 1,8 трлн теңгеге 49 жоба бар (оның сегізі 2024 жылға жоспарланған). Өндірістердің жүзеге асуы 11 мыңнан астам азаматты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, оның ішінде 7400 - ге жуығы ауылдық жерлердің және 377-моноқалалардың тұрғындары.

Барлық 49 жобаның жобалық қуатына шығу кезінде жоспарланған өндіріс көлемі шамамен 2,3 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте ақшалай баламадағы экспорт көлемі жартысынан астамын - 1,4 трлн теңгені құрайды.

Өткен жылы түсті металлургия саласында құны 26,8 млрд теңге болатын бес жоба іске асырылып, 835 жұмыс орны құрылды. Бұл түсті металдар қорытпаларын, доре қорытпаларын (алтын кен орындарынан алынатын және кейіннен тазарту үшін аффинаждық зауыттарға жіберілетін алтын-күміс қорытпасы), мырыш бұйымдарын және басқа да өндірістерді шығаратын кәсіпорындар.

Естеріңізге сала кетейік, түсті металлургия саласы - отандық өнеркәсіптің ірі және жетекші салаларының бірі. Оның дамуына түсті металдар - мыс, мырыш, никель, қорғасын, алюминий, алтын, күміс кендерінің қоры бар меншікті шикізат базасының жеткілікті мөлшері ықпал етеді.

Салада жүзеге асырылатын жобалардың басым бөлігі Қарағанды облысы мен Шымкент қаласына тиесілі.