Алматыда PowerTech EXPO-2024 энергетика және электротехника индустриялық форумы өтіп жатыр. Іс-шараның ұйымдастырушылары ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты. Форум жұмысына QazIndustry өкілдері де қатысты.
Форум аясында «Өнеркәсіптегі энергияны үнемдеу: заманауи сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өтіп, оған энергетикалық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Спикерлер энергия үнемдеу саясатын дамытудың және энергия тиімділігін арттырудың негізгі аспектілерін ұсынды. Басым міндеттерді әзірлеу және проблемалық мәселелер бойынша шешімдер іздеу үшін бизнес өкілдері мен сарапшылар арасында пікір алмасу болды.
«QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясы басшысының орынбасары Айсұлу Жалмурзина бизнес-қоғамдастық өкілдеріне мемлекеттік ынталандыру шараларын алу шарттары мен тетіктері туралы айтып берді.
«Біздің орталық өнеркәсіпті ынталандырудың бес түрлі тетігін ұсынады. Олар кәсіпорын шығындарының бір бөлігін өтеуге қатысты. Мысалы, жабдықтарды монтаждау, өндірістік процестерді цифрландыру, қызметкерлерді оқыту, шетелдік маманды тарту, сертификаттау. Бұл өте сұранысқа ие құралдар», - деді А. Жалмурзина.
Энергетикалық кәсіпорындардың өкілдері QazIndustry қызметтеріне үлкен қызығушылық білдіріп, толығырақ кеңес алу үшін байланыс телефондарымен алмасты.