«QazIndustry» АҚ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну шарттары мен тетіктерін түсіндіру мақсатында өңірлерде көшпелі семинарлар өткізуді жалғастыруда. Бұл жолы Бизнесті ынталандыру, ТМК және химия саласын дамыту, Арнайы экономикалық аймақты және индустриялық аймақтарды дамыту дирекцияларының мамандары Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласына барды.
Атырау және Маңғыстау облыстарында өткен жиында «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сагиев мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы түсіндіріп, бизнес-қауымдастық өкілдерінің қойылған сұрақтарына жауап берді.
Іс-сапар аясында QazIndustry өкілдері өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды. Атап айтар болсақ, мамандар «Каспий» Ақтау ауыр машина жасау зауыты» ЖШС, «Ақтау машина жасау зауыты», «Hadis Co», «LLP PCM Kazakhstan», «WestEcoPlast», «Sewon-VERTEX Heavy Industry», болат зауыты, «Ақтау» теңіз порты» АЭА» АҚ, «ЖігерМұнайСервис» ЖШС, «CenTech», Атырау кабель зауыттары шығаратын өнімдерімен танысып, кәсіпорындарға мемлекет тарапынан ұсынылатын ынталандыру шараларын пайдалану ұсынылды.
Сондай - ақ, Qazindustry өкілдері Шымкент пен Түркістан облысының «Эко Шина», «Hill Corporation», «Kaspy Steel» және «Тассай» индустриялық аймағындағы өнеркәсіп кәсіпорындарын аралады. Мамандар мемлекеттік ынталандыру шараларын алу шарттары мен тетіктерін түсіндірумен қатар, өнеркәсіптің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу аясындағы сауалнаманы жүргізді.
«Кәсіпорындар өз шығындарының бір бөлігін QazIndustry арқылы өтей алады. Мысалы, монтаждау және іске қосу жұмыстарына, шетелдік жұмысшыларды тартуға, оқытуға, сертификаттауға жұмсалған қаражаттың 50 пайызға дейінгі шығынын мемлекет өтейді. Өтініштер мен құжаттар Qazindustry порталында онлайн форматта жыл бойы қабылданады», - деп түсіндірді Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Аида Алшынбаева.