Ағымдағы жылдың мамыр айының ортасынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін технологиялық жабдықты сатып алуға байланысты шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша мемлекеттік ынталандыру шараларының жаңа түрі іске қосылады. Бұл кәсіпкерлерге технологиялық паркті жаңарту және жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге және кәсіпорынның энергиялық тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Енгізілгелі отырған шығындардың жаңа түрі туралы «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев айтып берді.
«Кәсіпорын шығындарының негізгі үлесін технологиялық жабдықтардың құны құрайтыны белгілі. Сондықтан, бизнес-қоғамдастық өкілдері осындай шығын түрін енгізуді сұрады. Осы сұранысты ескере отырып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан ағымдағы жылдың наурыз айында «Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына» өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, 2024 жылғы 12 мамырдан бастап басым тауарлар тізбесіне енгізілген дайын өнім шығаратын кәсіпорындар жабдықты сатып алуға байланысты шығындардың бір бөлігін өтеуге өтініш бере алады. QazIndustry кәсіпорындардың технологиялық құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсаған қаражатының 40 пайызын өтейді, бірақ орталықтан өтелетін қаржы 60 миллион теңгеден аспайды», - деп атап өтті дирекция басшысы.
Мәселен, цифрлық технологияларды енгізу бағыты бойынша 3D сканерлер мен принтерлер, үлкен форматты принтерлер сияқты жабдықтарды сатып алуға байланысты шығындар өтеледі.
Шығындардың жаңа түріне деген қажеттілік бірнеше себептерге байланысты болып отыр.
Біріншіден, қазақстандық өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жұмыс істеп тұрған негізгі жабдықтар кемінде 30% - ға тозған. Бұл саладағы жалпы өнімділікке, сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді. Екіншіден, көптеген шағын және орта бизнес субъектілерінде өндірісті дамыту үшін қаражаттарының жетіспеушілігі байқалады. Кәсіпорындардың жоғары несиеленуіне байланысты несиелік ұйымдардан несиелік қарыз алу қиынға соғады. Несиелік қарыздар мен үлкен қаржылық жүктемелер компанияларға жабдықтарын жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді.
Шығындардың жаңа түріне өтінім бергісі келетін кәсіпорын өтінім түскен күнге дейін кемінде күнтізбелік бір жыл жұмыс істеп туруы және салық бойынша, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша өтінім берілген күнге сәйкес қарыздары болмауы тиіс.
Сонымен қатар, өнеркәсіп субъектісі өтінім берілген күнге дейінгі алдыңғы үш жылда салық аударымдарының жыл сайынғы өсімін қамтамасыз етуі керек. Бұл талап салық төлеуден босатылған субъектілерге немесе тіркелген күнінен бастап өтінім түскен күнге дейін күнтізбелік үш жылдан аз уақыт өткен субъектілерге қолданылмайды.
Егер кәсіпкер ұсынып отырған жабдық бойынша бұған дейін мемлекет тарапынан (қаржы даму институттарынан) сатып алуға қолдау алған болса, онда QazIndustry бұл шығындарды өтей алмайды. Мұндай шектеу Ережелерде қарастырылған.
Шығындарды өтеуге Qazindustry.gov.kz. порталы арқылы өтінім беруге болады. Сондай-ақ, аптаның әр бейсенбі күні QazIndustry кеңсесінде мемлекеттік ынталандыру шараларының тетіктерін түсіндіру бойынша Ашық есік күндері өткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындарға 180 млн теңгеге шығындары өтелді. Өткен 2023 жылы кәсіпорындарға жалпы саны 844 млн теңгеден астам сомаға шығындар өтелген.