QazIndustry мамандары «Универсал» компаниялар тобына кіретін «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС-не барды. №1 Индустриалды парк аумағында орналасқан зауыт өз жұмысын 2018 жылы бастаған. Кәсіпорын резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді.
Цифрлық трансформациялау, Бизнесті ынталандыру және АЭА және ИА дамыту дирекцияларының мамандары тиек-пломбалау құрылғыларымен, бақылау-индикаторлық пломбалары, полипропилен қаптары және жануарларды сәйкестендіруге арналған RFID сырғаларының өндірісімен танысты.
Мамандардың зауытқа барудағы басты мақсаттары кәсіпорындағы цифрландыру деңгейімен танысу болды. Цифрлық трансформациялау дирекциясының өкілдері атап өткендей, QazIndustry мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында өндіріске жаңа цифрлық шешімдерді енгізу бойынша кәсіпорындарға бірқатар ұсыныстар әзірлейді.
Бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары зауыт басшылығына кәсіпорынды дамыту бағытында жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу тетіктері мен шарттары туралы толық ақпаратты жеткізді.
Бірыңғай шоғырландыру орталығы цемент және өзге де құрғақ құрылыс қоспалары үшін полипропилен қаптарын шығарады. Шикізат ретінде отандық полипропилен пайдаланылады. Зауыт айына 2 млн қап өндіреді. Алдағы уақытта өндіріс қуатын 3 млн данаға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Сондай-ақ, кәсіпорын ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру үшін электронды және визуалды құлақ сырғаларын шығарады.
Қазіргі күні зауыттың өндірістік қуаттылығы қарқынды түрде артуда. Шығарылатын өнімдер қазақстандық нарықтың ғана емес, ТМД нарығының да қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. QazIndustry ұсынған цифрлық шешімдер кәсіпорынның өндірістік қуатын одан әрі арттырып, серіктестер географиясын кеңейтуге өз ықпалын тигізеді.