Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында (қаңтар-мамыр) мемлекет тарапынан отандық кәсіпорындардың 271,1 млн теңгеге шығындары өтелді. Бұл олардың еңбек өнімділігін арттыруға (1) немесе өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге (2) жұмсаған шығындарының бір бөлігі.
Аталмыш кезеңде «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына кәсіпорындардан мемлекеттік ынталандыру шараларына 311 өтінім келіп түскен. Оларды қараудың нәтижесінде еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша 254,5 млн. теңгеге және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге 16,6 млн.теңге шығындар өтелген.
Өңірлік бөліністе бірінші бағыт бойынша өтінімдердің басым бөлігі Қарағанды (33), Ақмола (25) облыстары мен Алматы қаласының (24) кәсіпорындарынан келіп түскен. Екінші бағыт бойынша Батыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары белсенділік танытты (33).
Салалық бөліністе екі бағыт бойынша ынталандыру шараларына ең көп өтінімдерді машина жасау және АӨК бағытындағы кәсіпорындары (тамақ және сусындар өндірісі) жолдаған.
Есепті кезеңде QazIndustry өкілдері кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру мақсатында байланыс телефондары арқылы 200-ден астам ауызша кеңес беріп, арнайы ашық есік күндерін ұйымдастырған. Сондай-ақ, мамандар өңірлерге бару арқылы кәсіпорындарды аралап, шағын және орта бизнес өкілдеріне арнайы семинарлар өткізді.
Мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша толығырақ ақпаратты https://qazindustry.gov.kz/ ресми сайты арқылы білуге болады. Сондай-ақ, аптаның әр бейсенбі күндері «QazIndustry» АҚ кеңсесінде (Астана қ., Қабанбай батыр көшесі, 17, Е блогы) арнайы Ашық есік күндері өткізіледі.
Өтінімдер тек онлайн түрде – qazindustry.gov.kz ресми сайты арқылы және делдалдарсыз қабылданады.
Естеріңізге сала кетейік, «QazIndustry» АҚ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің отандық өнеркәсіптік кәсіпорындарға еңбек өнімділіктерін арттыру және өнімдерін ішкі нарыққа ілгерілету бағыттары бойынша мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну бойынша операторы болып табылады.