ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық кәсіпорындарға цифрлық трансформация процестерін жеделдету бағытындағы кешенді қолдау жұмыстарын жалғастыруда. Сарапшылардың пікірінше, цифрлық трансформация өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, өндірістік процестерді оңтайландырудың және өнім сапасын жақсартудың негізгі факторы болып табылады. Бұл өз кезегінде экономиканың тұрақты дамуы мен өсуіне әкеледі.
QazIndustry мамандары Шымкент қаласындағы бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарға, сондай-ақ, «Ontustik» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан кәсіпорындарға барды. Іс-сапар барысында орталық өкілдері кәсіпорындарға озық цифрлық технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу және цифрлық трансформацияның жол картасын қалыптастыру үшін кәсіпорындардың ағымдағы технологиялық процестері мен жүйлеріне талдау жүргізді.
QazIndustry өкілдері тоқыма емес және геосинтетикалық материалдарды өндіретін Arnatex кәсіпорнында, тоқыма өнімдерін өндіру бойынша Sagitex Group кәсіпорнында, Balausa Jewelry зергерлік фабрикасында және шұлық өнімдерін өндіретін «Әлем-БТ» өнеркәсіптік кәсіпорындарында болды. Мамандар өндіріс процесімен және кәсіпорындардағы автоматтандыру деңгейімен танысты. Мысалы, Sagitex Group компаниясы цифрлық трансформация аясында тапсырыстарды басқару үшін CRM жүйесін қолдана бастады. Бұл тұтынушылармен өзара әрекеттесу процесін жақсартуға және тапсырыстарды өңдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Ал Balausa Jewelry өндіріс процесін толық цифрландыруды жоспарлап отыр, бұл өнім сапасын жақсартуға және өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. «Әлем-БТ» өндіріс циклін толық цифрландыру арқылы ауқымды фабрика құрылысының сатысында тұр.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry отандық кәсіпорындардың қызметіне талдау және бағалау жүргізеді. Бұл цифрлық трансформация бағыты бойынша жеке «жол карталарын» әзірлеу жұмыстарын қамтиды. Нәтижесінде кәсіпорындар тиімді модернизация процестерін жүргізуге мүмкіндік алады.