Ағымдағы жылдың алғашқы жеті айында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардан еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету бағыттары бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша 545 өтінім келіп түскен. Оларды қараудың нәтижесінде өтелген қаражаттың жалпы сомасы 526,4 млн теңгені құрады. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлады.
«Өтелген қаржының негізгі бөлігі - 508,5 млн теңге еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, 17,9 млн теңгеге кәсіпорындардың өнімдері мен қызметтерін ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындары өтелді», - делінген хабарламада.
Өңірлік бөліністе өтінімдердің басым бөлігі Алматы облысы (64), Шымкент (62) және Алматы (52) қалалаларынан жолданған. Салалық бөліністе бұл машина жасау (81), азық-түлік және сусындар өндірісі (79) және жеңіл өнеркәсіп (74) кәсіпорындарынан келген.
Дирекцияның хабарлауынша, осы жылдың қаңтар-шілде айларында жолданған өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Егер 2023 жылғы қаңтар-шілде айларында QazIndustry - ге 236 өтінім келіп түссе, биылғы жылдың осы уақытында бұл көрсеткіш 545 болып отыр. Бұл сәйкесінше өтелген қаражат бойынша да жалпы сомасының 2,8 есеге ұлғайғанын көрсетеді. Атап айтқанда, 2023 жылғы қаңтар-шілдеде кәсіпорындардың 186,4 млн теңгеге шығындары өтелсе, осы жылдың сәйкес кезеңінде - 526,4 млн теңгені құрап отыр.
Мамандардың айтуынша, өтінімдер саны және оларды қарау нәтижесіндегі төлемдер сомасының өсім көрсетуі осы жылдың мамыр айынан бастап мемлекеттік ынталандыру шараларының жаңа түрінің енгізілуіне байланысты болып отыр. Бұл шара кәсіпорындарға технологиялық паркті жаңарту және жаңғыртуға бағытталған. Ынталандыру шарасы аясында кәсіпорындар сатып алынған жабдыққа жұмсалған шығындарының 40% - на дейін (бірақ 60 млн теңгеден аспайтын) өтей алады. Жаңа ынталандыру шарасы енгізілген уақыт аралығында, екі айдың ішінде QazIndustry-ге осы бағыт бойынша кәсіпорындардан 180-ден астам өтінім келіп түскен.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпаратты qazindustry.gov.kz ресми сайтынан немесе аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қ., Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) ұйымдастырылатын Ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.