Жыл соңына дейін еліміздегі химия өнеркәсібі саласында жобалық құны 12,9 млрд теңгені құрайтын 8 кәсіпорын пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл шамамен 350 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлайды.
Жобалардың ішінде сұйық азот, натрий пиросульфиті, химиялық реагенттер өндірістері бар. Шығарылады деп жоспарланған өнімдердің шамамен 70 % - ы еліміздің ішкі қажеттіліктеріне бағытталатын болады.
Ағымдағы жылы осы салада Қазақстанда 2 химиялық кәсіпорын іске қосылған. Атап айтар болсақ, Маңғыстау облысында аммоний сульфатын өндіру және Алматыда тұрмыстық химия және жеке гигиена құралдарын шығару кәсіпорындары. Аталмыш жобаларға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 36 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Сонымен қатар, жүзеге асыру сатысында құны 790 млрд теңгені құрайтын тағы 22 жоба бар. Олардың ішінде жасыл сутегі, уран тотығы, литий карбонаты, поливинилхлорид, аммоний паравольфраматы және басқа да химиялық өнімдер өндірісі бар. Бұл нысандардың ашылуы 4700 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 45% - дан астамын жақын және алыс шетелдерге экспорттау жоспарлануда.
Алдағы уақытта салада құны 13,4 трлн теңге болатын 26 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 62 жоба пысықталуда. Отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп полиэтилен, калий тыңайтқыштары, аммиак селитрасы, натрий цианиді және химия өнеркәсібінің басқа да өнімдерін өндіруді іске қосу жоспарлануда.
Жалпы химия өнеркәсібі портфелінде барлығы 94 жоба бар. Олардың құны 14,2 трлн теңгеден асады. Аталмыш жобаларды толық іске асыру кезінде 31,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.