Ағымдағы жылы Қазақстанда целлюлоза-қағаз өнеркәсібінде жалпы құны 11,1 млрд теңге болатын 7 жоба іске қосылып, 215 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлайды.
Кәсіпорындар майлықтар, дәретхана қағазы, дымқыл майлықтар, дәптерлер, картон және гофрленген қаптамалар шығаратын болады. Барлық өнімдер елдің ішкі қажеттіліктеріне бағытталады.
Бүгінгі күнге жоспарланған 7 жобаның екеуі Шымкент қаласында іске қосылды. Ол дымқыл майлықтар мен ПКС маркалы картон өндірісі бойынша кәсіпорындар. Жобаларға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 300 млн теңгені құрап, 40 жаңа жұмыс орны құрылды.
Осы жылға жоспарланған барлық жобалардың жобалық қуаттылығына шыққан кезде олардың өндіріс көлемі шамамен 20 млрд теңгені құрайды деп болжануда.
Сонымен қатар, жүзеге асыру сатысында құны 15,5 млрд теңгені құрайтын тағы 9 жоба бар. Олардың ішінде дымқыл майлықтар, маскалар, жеке қорғаныс құралдары, картон қағаз және гофрленген картон өндірісі бар. Бұл нысандардың ашылуы 300 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 20 % - дан астамын жақын және алыс шетелдерге экспорттау жоспарлануда. Жобалардың басым көпшілігі Шымкент және Алматы қалаларында орналасқан.
Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы атап өткендей, алдағы уақытта салада құны 35 млрд болатын 500-ден астам жұмыс орнын құрумен тағы 9 жоба пысықталуда. Отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп майлықтар, жұмыртқа науалары, гофротаралар, қағаз қаптар өндірісін іске қосу жоспарлануда.
«Жалпы, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің инвестициялық портфелі құны 57,6 млрд теңге болатын 25 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру 1,1 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді», - делінген дирекция хабарламасында.
Салаға инвестиция тарту мақсатында республикалық және жергілікті деңгейлерде арнайы-экономикалық аймақтар шеңберінде инвестициялық преференциялар, несиелеудің жеңілдікті шарттары, салықтық жеңілдіктер түрінде мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.