Шетелден маман тарту бойынша шығындар өтелді

«Qazaq-Astyq Group» май экстракциялау зауыты

 

Өнеркәсіптік кәсіпорындар шетелдік маманды тартуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтей алатынын, яғни оған айлық төлеуге жұмсаған қаражаттарының бір бөлігін мемлекет арқылы қайтара алатынын біле бермейді. Аталған ынталандыру шарасын «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ұсынады.

Шетелден білікті мамандарды тарту тәжірибесін Қазақстандық зауыттар мен фабрикалар жиі қолданады.

«Qazaq-Astyq Group» май экстракциялау зауыты Абай облысында (Семей қ.) орналасқан. Зауыт 2021 жылдан бастап күнбағыс, зығыр, рапс өсімдік майларын, сондай-ақ, ақуызы жоғары құнды мал азығын өндіреді. Зауытта 400-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын заманауи жабдықтармен, зертханалармен және сапа бақылау жүйесімен жабдықталған.

Зауыттың өзіне қажет шикізат өсіретін аумағы бар. Қазіргі уақытта күнбағыс тұқымдарын 80 мың гектар ауылшаруашылық жерлерінде өсіреді.

Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін оның басшылары өз алдарына өндірістің экспорттық әлеуетін арттыру және халықаралық нарықтарға шығу мақсатын қойды. Осы мақсатта олар Украина елінің маркетологтарына жүгінді. Себебі, Украина өсімдік майлары, әсіресе күнбағыс майының өндірісі мен экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Сондықтан зауытқа өзінің тәжірибесімен және дайын жоспарларымен бөлісуге украиндық маман шақыртылды.

Qazaq-Astyq Group зауытының өндірістік қуаттылығы жылына 1000 тоннаға дейін күнбағыс тұқымын және 800 тонна рапс немесе зығыр тұқымын өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын жылына 118 мың тонна тазартылмаған өсімдік майын,  күнбағыс қабығынан 50 мың тонна отын түйіршіктерін және 100 мың тонна күнбағыс сығындысын шығарады.

Тәуліктік тиеу көлемі бойынша, кәсіпорында тәулігіне 11 мың тонна түйіршіктелген жоғары ақуызды күнбағыс сығындысы немесе 56 вагон өнім, сондай-ақ, 12,5 мың тонна тазартылмаған май немесе тәулігіне 20 жүк көлігіне дейін тиеледі.

Шетелдік маркетолог дайын өнімнің экспортын жүйеледі. Нәтижесінде қазір Семейден шыққан өнімдер Орталық Азия, Балтық елдері, Еуропа, сондай-ақ Қытай елінің тұтынушылары тарапынан сұранысқа ие. Өткен жылы QazIndustry аталмыш шетелдік маманның қызмет ақысының 40% - ын өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорындар шетелдік маманды тартуға жұмсаған шығындарын екі жағдайда өтей алады. Ол жаңа өндірістерді құру, қолданыстағы өндірісті модернизациялау және өнімді нарыққа ілгерілету мақсатында.

Толық ақпаратты www.qazindustry.gov.kz сайты арқылы («Бизнесті ынталандыру» бөлімі) немесе әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry ғимаратында (Астана қаласы, Кабанбай батыр даңғылы, 17, блок Е мекен-жайы) өтетін Ашық есік күндеріне қатысу арқылы білуге болады.