2024 жылғы 24-28 тамыз күндері Бангкокта (Тайланд Корольдігі) қоршаған ортаны, оның ішінде теңіз ортасын пластмассамен ластауға қарсы күрес туралы міндетті заңды күші бар халықаралық шартты әзірлеу бойынша БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының ашық сараптамалық топтарының сессияаралық отырыстары өтті. Сараптамалық талқылауға қазақстандық тараптан Энергетика, Экология, Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктерінің, сондай - ақ мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығының және «QazIndustry» АҚ өкілдері қатысты.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі атынан қатысқан QazIndustry сарапшыларының айтуынша, әзірленіп жатқан қоршаған ортаны пластмассамен ластауға қарсы құжат осы бағыттағы алғашқы міндетті заңды күші бар халықаралық шарт болып табылады.
Сараптамалық топтар екі бағытта талқылау жұмыстарын жүргізді. Бірінші топ қалдықтарды басқару жүйесін қаржыландыру және жақсарту тетіктерін талқыласа, екінші топ пластикалық қалдықтар мәселелерін шешу тәсілдерін, пластмасса өндірісіндегі қауіпті химиялық заттарды, пластмассаны қайта өңдеу әдістерін және оны қайта пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.
Жиын барысында отандық сарапшылар Қазақстандағы пластикалық қалдықтарды басқару бойынша жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді. Мамандар пластмассалық бұйымдарды қолдануға байланысты мұнай - газ химиясы өнеркәсібі, сондай-ақ медицина, құрылыс және экономиканың өзге де секторларын дамыту үшін кедергілердің пайда болуына жол бермеу қажеттігі туралы айтты. Сонымен қатар, сарапшылар қауіпті және ықтимал қауіпті химиялық заттардың тізімі ғылыми зерттеулермен расталғаннан кейін толықтырылып отыруы керек екенін атап өтті.
Айта кетейік, сараптамалық отырыстар қоршаған ортаны пластмассамен ластауға қарсы күрес туралы міндетті заңды күші бар халықаралық шартты әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізу үшін Үкіметаралық комитеттің V сессиясы шеңберіндегі қорытынды келіссөздердің аралық кезеңі болды. Келіссөздер қараша айының соңында Пусан қаласында (Оңтүстік Корея) өтеді.